БІРЛІК ПЕН ТАТУЛЫҚТЫҢ 30 ЖЫЛЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында ұлтаралық татулық пен бірлікке ерекше мән беріп, «Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне әр кезеңде әртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бәрінің өсіп-өнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз әлемді мойындатты» деген еді.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын алғаш рет 1992 жылы Тәуелсіздіктің бірінші жылдығына арналған Қазақстан халықтарының форумында жариялады. 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан халқы Ассамблеясын Мемлекет басшысы жанындағы консультативті-кеңесші орган мәртебесімен құру туралы Жарлық шықты. 1995 жылы 24 наурызда Ассамблеяның 1-ші сессиясы сол тұстағы астана Алматы қаласында өтті. Оған қатысуға барлық облыстарда кіші ассамблеялар құрылып, олардан 260 делегат сайланып, 40 ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдері енген.

Ассамблеяның міндеті – этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттылықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасау, ел бірлігін нығайту, қазақстандық қоғамының негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау әрі дамыту.
Бірегей ұйым 365 мүше мен 471-ден астам республикалық, өңірлік, облыстық, қалалық ұлттық-мәдени бірлестіктер, 500-ден аса кіші ассамблея мүшелерінен тұрады.

Бүгінде Ассамблея қамқорлығымен мыңнан аса этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның ішінде отызға жуығы республикалық мәртебеге ие. Елімізде 40-тан аса Достық үйі бар. Ассамблеяның қамқорлығымен облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындардың ұжымдарында Қоғамдық келісім кеңесі және Аналар кеңесі құрылған. Олар жергілікті жерлерде халықтың өзекті мәселелерін шешуге атсалысады.
Елбасының бастамасымен құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясына бүгінде Президент Қ.Тоқаев төрағалық етеді. Алдағы уақытта да ел мен жер дамуына, ынтымақтың артып, бірліктің беки түсуіне қызмет ете береді деген сенімдеміз.
А.АСҚАР