БІТІРУШІ СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ III ТОҚСАНДЫ АРАЛАС ФОРМАТТА ОҚИДЫ

Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиева атқарылған жұмыстар және III тоқсанда болатын өзгерістер туралы баспасөз брифингін өткізді.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қалада оқу жылының III тоқсанынан бастап бітіруші сынып оқушылары (9, 11, 12) аралас форматта оқиды.

Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып, пәндердің 70 пайызын дәстүрлі форматта, 30 пайызын қашықтан оқыту жүргізіледі. Мектеп оқушыларының біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру мақсатында сабақтан тыс уақытта 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультация ұйымдастырылады.

– Үшінші тоқсанда бітіруші сынып оқушыларын кемінде 70 пайызын кезекші сыныптарға тарту жоспарланып отыр. Негізгі пәндер барынша мектепте оқытылады. Ал 6, 7, 8, 9, 10 сыныптың балаларын аптасына екі реттен бес оқушыдан аспайтын топтарда қайта даярлау, жеке консультациялар ұйымдастыруға тапсырмалар берілді. Бас санитарлық дәрігер рұсқат берсе, үшінші тоқсанды осылай оқытуды жоспарлап отырмыз. Жалпы бірінші тоқсанда дәстүрлі оқытуды 23 пайыз, екінші тоқсанда 34 пайызға жеткіздік. Үшінші тоқсанда 70 пайызға дейін артады, – деді басқарма басшысы.

Шымкент қаласында ағымдағы оқу жылында 9 сыныпта 16226 оқушы, 11 сыныпта 9 584 оқушы білім алуда. Дәстүрлі оқу форматында оқушылар орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы сабақтарына қатысады. Бұл – оқу пәндерінің 70 пайызы. Қалған 30 пайыз – информатика, өзін өзі тану, денешынықтыру, құқық негізі, алғашқы әскери дайындық пәндері қащықтықтан өтеді.

Сондай-ақ, II семестерден бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттерін аралас оқыту қайта басталады.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі