БИЫЛ КҮЗДЕ ІСТЕП ҮЛГЕРДІҢІЗ БЕ?

Кеше ғана жанымызды сағынышқа бөлеген күз мезгілі таяу күндері қош дегелі тұр. Өмірге ғашық адам әр сәттің ерекшелігінен ләззат ала біледі. Бұл күздің ерекше есте қалуы үшін не жасап үлгердіңіз?

  1. КҮЗГІ БАҚТА СЕРУЕНДЕУ

Иә, күздің әдемілігін, кереметін жапырақ төгілген саябақтан артық еш жер көрсете алмайды. Жәй ғана жылы киініп алып, төбеден төгілген сары-қызыл саудырақтарды кешіп, аспанға қарап терең тыныстаңызшы. Орындықта отырып айналаңызға асықпай қараңыз. Әр тіршілік иесін бақылаңыз. Бойыңызға біраз күнге жетерлік күш жиналғанын сезесіз. Ерекше түсті жапырақтар жинауды да ұмытпаңыз.

 

  1. ФОТОСЕССИЯ ЖАСАУ

Қолыңызға жәй телефонды алып та әдемі суреттер жиынтығын шығаруға болады. Тек киіміңіз бен суретке түсетін орынды үйлестіре біліңіз. Ең бастысы, эмоцияңызды еркін, ашық білдіру. Күзгі фотосессиялар үлгісін алдын ала ғаламтор беттерінен қарап, үйреніп алсаңыз оңайырақ. Негізінен күзгі суреттер табиғат аясында, кофеханада, жаңбыр тамшылаған терезе алдында, кітапханада, қолшатыр астында әдемі шығады.

 

  1. КІТАП ОҚУ

Күз махаббат хикаяттарын оқитын романтикалық мезгіл. Қара суықта үйден шықпай,  тәттімен шай ішіп, сезімге толы роман оқу — релакс. «Махаббат қызық мол жылдар», «Ғашықтар хикаясы», «Сезім музейі» және ақындардың лирикаларын оқуға кеңес береміз. Тек кейіпкерлермен бірге қатты күйзеліске түсіп, депрессияға берілмеуді бақылаңыз.

 

  1. БАЛАЛАРМЕН УАҚЫТ ӨТКІЗУ

Егер отбасылы болсаңыз балаларға күз мезгілінің ерекшелігін кеңінен түсіндіріңіз. Бақша жұмыстарын бірге атқарып, жеміс теріңіздер. Әкелерімен бірге құстарға ұя жасап, ағашқа ілсе жануарларға деген қамқорлықтары артады. Күзгі кепкен жеміс, жапырақтардан икебана жапыстырып, бөлмеге іліп қою да жанұя жарасымдылығын арттырады.

 

  1. АСҚАБАҚПЕН ДӘМ

Ас үй ханшайымдары үшін асқабақпен дәмді мәзір даярлау маусымы басталды. Жарыңыз жұмыстан келгенде жылы үйде асқабақ қосылған манты иісі бұрқырап тұрса қуанып қалары сөзсіз. Құрамында жасанды талшық, ақуыздар, каротин, кальций, темір, магний, фосфор және A, B1, B2, PP және C дәрумендері, калий, кальций бар  дәруменге өте бай жеміс иммунитетті көтереді. Балаларға буға пісіріп беру де өте пайдалы.

 

  1. ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ

Жылы киім алу, көлік баллондарын ауыстыру секілді қарапайым істерді дер кезінде жасап үлгермесеңіз қыста айтарлықтай зардабы тиеді. Үйдің шатырын, терезелерін бітеп, жылыту маусымына дайындау да жылда атқаратын міндетті шаруалар. Күзгі жемістерді мұздатқышта қатыру  қысқы дастарқаныңызға сән мен береке кіргізетіні сөзсіз. Ал,сіз бұлардың бәрін биыл күзде істеп үлгердіңіз бе?

Мархаба МАРҒҰЛАН