«БІЗДІҢ БЕЙСЕН» ТҮРКІСТАНДА
Қазақ телевизиясының тарланы, журналист Бейсен Құранбек туралы естеліктер жинақталған кітаптың таныстырылымы Түркістан қаласында өтті. Жер жәннаты Жетісу өңірінен түркі әлемінің бесігі Түркістан шаһарына жеткен «Біздің Бейсен» барлық кітапхана төрінен орын алмақ. Жаңа кітапты оқырмандар рухани ордадан алып, оқи алады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айтуынан басталған жинақта танымал ел ағаларының естелігі, замандастарының толғаныстары, ақындардың арнау жырлары, қарапайым көрермендердің ыстық ықыласы мен сағынышы топтастырылған.
Қарапайымдылығымен қалың қазақтың есінде қалған қоғам қайраткеріне арналған туындының тұсаукесері дара тұлғаның Түркістан облысындағы әріптес, дос, замандастарының басын қосты. Халқының жанына жалау болған Бейсеннің болмысын танытатын оқиғаларды еске алып, әсерлі естеліктердің тиегін ағытты. Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ғылыми кітапханасында өткен рухани жиынға университеттің журналистика кафедрасының белсенді жастары қатысты.
Еркін форматта өткен кездесуде сөз алған Бейсен Құранбектің курстасы, ҚР Журналистер одағының Түркістан облыстық филиалының төрағасы Ғалымжан Елшібай Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика кафедрасының студенттеріне Бейсен Құранбек атындағы 3 стипендия тағайындалатынын жеткізді.
Кездесу соңында «Біздің Бейсен» естелік кітабы университет кітапханасына және журналистика кафедрасына сыйға берілді. Жинақ қазақ елінің біртуар перзенті, тележурналистика тарланы – Бейсен Абайұлы Құранбекті құрметпен еске алушы қалың көпшілікке арналған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі