БҮГІНГІ ЖЕТІСТІКТЕРІМІЗДІҢ БӘРІ — ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ ЖЕМІСІ
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі Тәуелсіздіктің жемісі. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Бүгінгі форум Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналып отыр. Тәуелсіздік біздің ең басты құндылығымыз, ата-бабамыздың сан ғасыр аңсаған асыл арманы. Бүгінгі жетістіктеріміздің бәрі осы Тәуелсіздіктің жемісі. Егемендіктің арқасында тіліміз бен ділімізді, тарихымыз бен дәстүрімізді, мәдениетіміз бен руханиятымызды жаңғырттық. 30 жылдың ішінде жүйелі әлеуметтік-экономикалық және саяси реформаларды жүзеге асырып, мемлекеттілікті мызғымастай етіп қалыптастырық. Бүгінде дүниежүзі Қазақстанды тұрақты, әлемдік аренада абырой-беделге ие, достыққа берік ел ретінде таниды», — деді Сенат спикері Қазақстан әлеуметтанушыларының VII конгресінде.
Оның атап өтуінше, мұның бәрі ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясатының нәтижесі екені сөзсіз. Осы саясаттың сабақтастығын қамтамасыз етіп, елімізді жаңа белестерге шығару үшін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен жүйелі жұмыстар жүзеге асырып жатыр.
«Біздің алдағы мақсат-мүддеміз айқын. Басты міндет — елдігімізді еңселету және Тәуелсіздігімізді одан ары нығайту. Осы жолда бүгінгідей басқосулардың да маңызы зор. Бүгін айтылған пікірлер мен ұсыныстар елдікмүддеге игі әсерін тигізеді деп сенемін», — деді Мәулен Әшімбаев.