БҰҚАРАЛЫҚ СПОРТ — ҰРПАҚ САУЛЫҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Елімізде бұқаралық спортты дамыту мәселесіне айтарлықтай көңіл бөлініп келеді. Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жолдауында осы мәселеде айтылды. Атап айтқанда, осы Жолдаудың екінші тарауында бұқаралық спортты дамыту жайлы арнайы тапсырма берілді. Осы Жолдаудың екінші тарау, жетінші тармақшасында айтылған мына сөздерге мән беру керек. Онда «Өңірлік деңгейдегі резервтерді тауып, бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қолжетімділігін арттыру қажет» делінген. » Үкіметке және әкімдерге кем дегенде 100 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салуды тапсырамын. Сондай-ақ, қолданыстағы, әсіресе мектептердегі спорт ғимараттарын тиімді пайдаланып, дене шынықтырумен айналысу үшін аулаларды, парктерді, саябақтарды жабдықтау қажет«, — деді Елбасы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында.

Бұқаралық спорт – ұрпақ саулығы­ның кепілі, ұлт денсаулығын сақтау жолындағы амалдардың бірі. Мемлекет салауатты өмір салтын ұстауға жол көрсетіп қана қоймау тиіс, соған барлық жағдайды жасау керек. Осы тұрғысынан елімізде дене шынықтыру мен спорттың даму тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі бірінші кезең 2016-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жос­пары бекітілген болатын. 

Шымкент қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменовтің айтуынша: «Қазіргі таңда қаламызда бұқаралық спорт түріне 71 спорт түрі қамтылып отыр. Мұның ішінде ойын спорт түрлерінен бастап олимпиадалық спортқа дейін бар. Бұқаралық спортты дамыту дегеніміз – әрбір азамат, әрбір отбасының баласы үйінен шығып, ауласындағы спорт алаңқайларында ойнауына, спортпен айналысуына жағдай жасау. Спорт үйірмелеріне барып, жетістіктерге жетуін қамтамасыз ету. Осыдан іріктеу келіп шығады. Ел ішінде талантты балалар көп. Олардың көрінуіне жағдай жасауымыз керек. Спортпен шұғылданатын бала көбейсе, арасындағы таланттарды байқап, табу да жеңілдейді. Балалардың қандай да бір спорт түріне дарынын білген соң, іріктеу жүргізіп, баланың ары қарай кәсіби спортпен айналысуын қамтамасыз етіп, жаңа чемпиондар, олимпиада жеңімпаздары шығуына көмектесу. Бүгінгі таңда Шымкентте қала халқының 340 305-і бұқаралық спортпен айналысады. Бұл жалпы халық санының 31,2 пайызын құрайды. Бұған балалар, жастар, ересектер де кіреді. Жыл соңына дейін 35%-ға жеткіземіз. Қазіргі таңда қала әкімі Мұрат Дүйсебекұлы спортпен айналысатын нысандар санын көбейтуге тапсырмалар беріп, осы бағытта көп жұмыс істеліп жатыр» деді.

А.АСҚАР