«БҮКІЛ ӘЛЕМДІК ТАЗАЛЫҚ» КҮНІ АЯСЫНДА ЖАППАЙ СЕНБІЛІК ӨТКІЗІЛІП, 87 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛДЫ
Бүгін Сауран ауданында «Бүкіл әлемдік тазалық» күні аясында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Тазалық шарасына аудан әкімі Мақсат Таңғатаров арнайы қатысып, жүргізілген жұмыстарды қадағалады. Сенбілікке ауданға қарасты 12 ауылдық округінен және барлық мекеме қызметкерлері мен жастар, еріктілер, ауыл тұрғындары қатысып, елді мекеннің басты көшелеріне тазалық жұмыстары жүргізілді. Тазалық жұмыстарына жалпы саны 450-ге жуық адам қатысты. Бұл бағыттағы тазалық жұмыстары апта сайын әр ауылдық округтерінде тұрақты жалғасын тауып келеді.
Экологияны қорғау, тазалықты сақтау, туған жерді көркейту мен көгалдандыруға баса мән беру бастамасымен ұйымдастырылып жатқан сенбілік жұмыстарына жалпы саны 8 техника жұмылдырылды. Елді мекеннің орталық көшелері мен қатар, «Түркістан-Шымкент», «Түркістан-Кентау», «Түркістан-Қызылорда» бағыттарындағы автожолының бойлары қоқыстан тазартылып, шөп ору, ретсіз өскен ағаштарды бұтау мен түптерін әктеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 87 тонна қоқыс шығарылып, тазартылды. Тазалықты басты қағидаға айналдырған саурандықтар сенбілік жұмыстарын тұрақты жалғастырып келеді.
Сауран ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі