«БҰЛ КҮНІ ТОЛҚЫМАУ МҮМКІН ЕМЕС»
Тәуелсіздік жолында өткен тоқтаусыз күрестердің қай-қайсы да ел тарихында алтын әріптермен жазылары сөзсіз. Себебі, онда ата-бабаның арманы, талай боздақтың қыршыннан қиылған жандары бар. Әйтсе де, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің тарих таразысында салмағы басым. Бәлкім, азаттық жолындағы соңғы күрес болғандығынан да шығар?! Алатау бөктерін «Менің Қазақстаным» әнімен жаңғыртқан қарлы кештегі қанды оқиғаны ел ұмытпақ емес. Ұмытылмайды да. Есімдерін ескерусіз қалдырсақ — тарихқа қиянат жасағанымыз.
Сондықтан, сол көтерілістің бел ортасында болған куәгеріміз, бүгінде Түркістан облысы Бәйдібек ауданы Ақбастау ауылының тұрғыны, Назира Темірбекқызы Тойымбетованы әңгімеге тарттық.
— Уақытқа шегініс жасап 1986 жылдың 16 желтоқсанына сапар шексек. Сіз сол күні алаңға қалай бардыңыз?
— 1986 жылы менің жасым жиырмада. Алматыда 3 емханада акушерка болып жұмыс істейтін едім. Қабылдау бөліміндемін. Сонда жедел жәрдем көліктерінің жүргізушілері келіп айтып кетіп жатты. «Алаңда қақтығыс болып жатыр, «президентіміз қазақ болуы шарт» деген плакаттармен жастар алаңға шығыпты» деп. Оның алдында жұмыс орнына келгенде орыстар қол шапалақтап тұрып қуанды. «Біздің орыс азаматымыз билікке келді» деп. Сырттай ештеңе демесек те, ішімізде сан сауал «Неге орыстан басшы қояды?», «Қазақстанды қазақ билемей ме?» деген ойлар. Роддомға түскен әйелдер де соны айтып жатты. Мен – қабылдау бөлімінде болсам, родзалда Тыныштық деген қыз бар еді. Соларға барып жағдайды айттым. Ертеңіне ауысымды тапсырып үйге қайтуға жиналдық. Тыныштық екеуміз қыздарға үн тастадық. «Алаңға барайық. Елмен бірге болайық. Біз де үн қосайық» дедік. Әйтсе де бізге ілесе қойған ешкім болмады. Жұмыстан шығып 65-ші автобусқа отырдық та алаңға бет алдық. Алаңға жетпей Балуан Шолақ стадионының жанынан түсіп қалдық. Ары қарай автобус жүрмейді. Алаңға «Менің Қазақстаным» және «Елім-ай» әндерін шырқап жастар кетіп бара жатты. Сол жастарға біз де қосылдық. Сөйтіп, Фурманов көшесімен жоғары өрлеп алаңға бардық.
-Қақтығыс қалай басталды, қандай талаптар қойылды?
— Онда «Елді қазақ басқарсын» деген талаптар қойылды. Үкімет үйіне қарай қарыс қадам бастырмай екі жақтан әскерилер қоршап тұрды. Үш қатар болып тізіліп тұрды. Сол қоршаудан өте алмаған қазақ жастары «Қазақ болсын! Қазақ болсын!» деп ұрандатып тұрды. Бір кезде Ташкенттің әскери жасағы келді. Уазик автобусымен. Сол көлік кірген кезде жаңағы тізіліп тұрған қоршау ашылды. Сол кезде іштен әскерилер жүгіріп шығып, жастарды дубинкамен ұра бастады. Біз ештеңе түсінбедік. Бізді сүйреген күйі «Үкімет үйінің» алдына апарды. Алаңда айқай-шу. Бастары қанап, таяқ жеп жатқан жастар. Бәрімізді тізерлетіп отырғызып, басымызды төмен идіріп қойды. Сол жерде қардың үстінде отырдық. Таяқ жеген, басы қанаған жігіттерді уазик көліктерге қойша тоғытып, лақтырып салып жатты. Оның барлығын көзіміз көрді. Бізді автобусқа салып Алатау бөктеріндегі совхоздың гаражына апарып қамады. Тергеу жүргізді. Ол жерде кооперативтік техникумның да көп қыз-жігіттері қамалды. Кешке сол техникумның акт залына апарып орыстар лекция оқып-оқып қайтарды. Сондағы айтқандары «Олар маскүнемдер. Олар нашақорлар» деді. Сонымен қайтарды.
— Жалпы 16 — желтоқсан күні қандай сезімде боласыз?
— Жаңа жоғарыда айтып өткен жағдайлардың барлығын өз көзіммен көрген соң 16 — желтоқсан күні қобалжып, толқу сезімінде жүремін. Өте ауыр сәттер. Толқымау мүмкін емес.
— Сол алаңға шыққан қаһармандарға лайықты құрмет көрсетілді деп ойлайсыз ба?
— Жоқ. Оларға қаһармандық құрмет көрсетілді деп айта алмаймын. Бірақ уақыт өзі сараптап, лайықты бағаларын алады деп сенемін.
— Жауаптарыңызға рақмет. Ауыр да болса азаттық жолындағы ақырғы қақтығыстың 35 жылдығында өткен күндерді еске алдыңыз. Сөз соңында айтарыңыз болса, мархабат.
— Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Енді ондай көтерілістер даламызда болмасын. Халқымыз аман, еліміз тыныш болсын!
— Айтқаныңыз келсін!
Сұхбаттасқан Нұрила Шынәділова