БҰҰ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН
Қазақстан Республикасы 1992 жылдың 2 наурызынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) мүшесі атанды. Халықаралық ұйымға мүше болу жаһандану жағдайында Қазақстанға саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық сипаттағы халықаралық мәселелерді шешуге және халықаралық ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік берді.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін көпвекторлы сыртқы саясат бағытын ұстанып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Қазақстан ядролық қарулануды тежеуге, халықаралық лаңкестікке, діни экстремизмге, есірткі саудасы мен басқа да осы заманғы қатерлерге қарсы күреске жұмылған халықаралық ауқымды ынтымақтастықтың белсенді мүшесі болып келді және болып қала береді» деген болатын.
Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында «БҰҰ-ның әділ әрі демократиялық әлемдік тәртіпті орнатудағы орталық және үйлестіруші рөлін көрсетті . Қазақстанның БҰҰ-дағы қызметі бейбітшілік пен қауіпсіздік, экономикалық даму, әлеуметтік даму, қоршаған ортаны сақтау, халықаралық құқық, гуманитарлық мәселелер, денсаулық сақтау және тағы басқа мәселелерді шешуге бағытталған. Қазақстан БҰҰ-на мүше болып кіргеннен бастап бірқатар бағыттар бойынша айқын белсенді ұстанымда болды және қауіпсіздік саласында бірқатар бастамалар ұсынды.