ДАРХАН САТЫБАЛДЫ КӘСІПКЕРЛЕРГЕ ӨНЕРКӘСІП АЙМАҚТАРЫН КӨГАЛДАНДЫРУ ЖӨНІНДЕ ТАПСЫРМА БЕРДІ
Әр кәсіпкер өндіріс орнының айналасын қоршап, тал егу керек. Кәсіпорындардың жұмысын пысықтаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өнеркәсіптік аймақтарын көгалдандырудың маңыздылығына тоқталып, кәсіпкерлерге зауыт маңын реттеуді міндеттеді. Кәсіпкерлерді өндірісті кеңейтіп, терең өңдеуге көшудің маңыздылығын түсіндірді.
Сауран ауданы, Шаға ауылдық округі, Қазақстанның ХХХ жылдығы елді мекеніндегі ЖШС «EURO BETON» бетон зауыты бетон бұйымдарының барлық түрлерін шығарады. Төрт жыл бұрын іргетасы қаланған зауыт 2,5 гектар жерде орналасқан. Отандық өнімның бағасы қолжетімді. Сұраныс та жоғары. Зауытта 100-ге жуық жергілікті тұрғын жұмыс істейді.
Сауран ауданы облыс әкімінің жіті бақылауымен өндіріс аймағына айналуда. 2030 жылға дейін ауданда 53,1 млрд. теңгенің 85 жобасын іске асыруды жоспарланған. Атап айтқанда, тоқыма бұйымдарын өндіру, тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарын шығару, жиһаз, пластмасса бұйымдар өндіру, құрылысқа қажетті материалдарын шығаратын зауыт, фабрикалар жұмыс бастайды. 2,5 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылып, кіріс артпақ. Өндіріс алаңдары құрылады.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі