ДАРХАН САТЫБАЛДЫ КЕЗЕКТІ РЕТ ЖЕКЕ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ
Түркістан облысында тұрғындар мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды бүгін кезекті рет жеке қабылдау өткізіп, кезектілік тәртібімен жазылған өңір тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Оған құқық қорғау органдарының басшылары мен департамент пен басқарма басшылары қатысып, әр мәселенің оңтайлы шешілуіне атсалысты.
Жеке қабылдау ашықтық қағидатына негізделгендіктен, келушілер көп болды. Азаматтардың өтінішін тыңдаған өңір басшысы барлық мәселенің тек заң шеңберінде шешілетінін айтты. Барлық ұсыныс-пікір назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
Тұрғындар көтерген сұрақтар сан алуан. Көпшілікті жер телімін алу, баспана кезегі, тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту және әлеуметтік салаға қатысты мәселелер толғандырады.
Өтініштерді мұқият тыңдаған облыс басшысы жауапты мамандар мен сала басшыларына бірқатар міндеттер жүктеді. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініш пен ұсыныс-пікірлер хаттамаға түзіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
Қабылдауға келген Түркістан қаласының тұрғыны жер телімін сұрады. Азаматқа жер кезегіне тұрып, оны алудың жолдары түсіндірілді. Баспана сұраған тұрғынға тұрғын үй алудың жай-жапсары түсіндірілді. 2,5% несие алу бойынша мәселе көтерген азаматқа бұл бағыттағы қаржыландырудың әзірге ел көлемінде тоқтап тұрғаны жеткізілді. Сондай-ақ тұрғындар Отырар мөлтек ауданын табиғи газбен қамтамасыз ету, сонымен қатар жарықтандыру мәселесін қозғады. Бұл жұмыстар кестеге сәйкес жүргізілуде.
Кезекті рет қабылдауға келген тұрғын осыған дейін көтерген жеке мәселесінің шешілгенін айтып, алғысын білдірді. Кей мәселелер бойынша тұрғындарға полицияға, сотқа шағымдану құқы түсіндірілді. Арыз-шағымдары алынды.
Жеке қабылдауға ұсынысын айтуға келгендер де болды. Түркістандық белсенді әкімге инклюзивті ортаны қалыптастыру бойынша ұсынысын жеткізді. Мәселе жан-жақты зерделетін болды. Кентау қаласынан келген 65 жастағы азаматша тазалықты сақтамай, айналаны ластайтын тұрғындарды қомақты айыппұл арқылы «тәрбиелеуді» ұсынды.
Айта кетейік, облыс әкімдігі тарапынан бүгінге дейін 60-қа жуық жеке қабылдау өткізіліп, 600-ге жуық тұрғынның мәселесі тыңдалған. Сондай-ақ аудандарға жұмыс сапары барысында да өңір басшысы халықты жеке қабылдап, тұрғындар айтқан түйткілдер реттілігіне қарай шешімін тапты.
Облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылуды Түркістан облысы әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімі жүргізеді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі