ДАРХАН САТЫБАЛДЫ: «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ БОЙЫНША ҚҰЛШЫНЫСПЕН ЖҰМЫС ІСТЕУ ҚАЖЕТ»

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып, тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шаралар жүйелене түседі. Бүгін осы мәселеге байланысты Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен кезекті мәжіліс өтті. Маңызды жиынға Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Ерлан Исабеков, Полиция, Экология департаменттерінің басшылығы, аудан, қала әкімдері мен экобелсенділер қатысты. Өңір басшысы «Таза Қазақстан» акциясы бойынша атқарылған жұмыстар әкімдердің қызметін бағалауда назарға алынатынын жеткізді.
– Біз «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жалғастырамыз және апта сайын пысықтап отырамыз. Бұл – Президенттің бастамасымен қолға алынған іс. Сондықтан оның маңызын әрбір әкім, әрбір мемлекеттік қызметкер терең сезініп, оны тұрғындарға жеткізе білулері керек. Әріптестер, «Таза Қазақстан» акциясы бойынша құлшыныспен жұмыс істеу қажет. Бұл – біреудің күштеуімен емес, өзіміздің ынтамызбен кірісетін жұмыс. Облыс аумағы таза болса, қоғам да, қоғамның ойы да тазарады. Сондықтан әрбіріңізден осы жұмысты жалғастыруды талап етеміз. Дұрыс нәтиже болмаса, ауыл округі әкімдері, аудан әкімдерінің жауапты орынбасарларына, тіпті, аудан, қала әкімдлеріне қызметтік шара көріледі. Барлық сала басшылары мен өкілдері атсалысуы тиіс. Білім, спорт, мәдениет, медицина мекемелерінің өкілдері өз аумақтарын тазартып, көгалдандырсын. Қоғам болып кіріскенде ғана аймақ тазарып, ажары ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Президент әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы бұл бастаманың әрбір өңірде сапалы өтуі Президент әкімшілігінің тұрақты бақылауында екенін айтты.
– Түркістан облысында акция аясында көптеген жұмыс атқарылды. Мемлекет басшысы бұл бастаманы тұрақты негізде жалғастыруды тапсырды. Осыған байланысты әкімдіктер халықтың экологиялық мәдениетін дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған өңірлік жоспарларын әзірлеуі қажет. Қазіргі қолданыстағы абаттандыру қағидасы тиісті деңгейде әзірленбеген, сондықтан орындалуы ақсап тұр. Бұдан бөлек, қағидада аумақтарды күтіп ұстауға және тазалауға байланысты көптеген мәселелер ескерілмеген. Бұл орайда, Президент әкімшілігі тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне абаттандыру ережесіне өзгерістер енгізу жөнінде нақты тапсырма берілді. Жаңа қағидада меншік иелерінің жеке және іргелес аумақтарды күтіп-ұстауы, елді мекендердің және ғимараттардың сыртқы архитектуралық келбетін жақсарту мәселелері қарастырылуда. Сондай-ақ қыс мезгілінде аумақтарды жинау, қарды, мұзды және қоқысты жинаудың нақты мерзімдері мен әдістері көрсетіледі. Бұл жұмыстарды атқаруда тұрғындар мен бизнес өкілдерінің қатысуына басымдық беріледі, – деді Ерлан Исабеков.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Түркістан облысы бойынша экология департаменті басшының міндетін атқарушы Нұржас Нұрболат және Түркістан облысының Полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Бағланбек Айтпаевтың баяндамалары тыңдалды.
Түркістан облысында жалпы науқан аясында 1 408 ауқымды іс-шара өткізілген. Оған 2 156 мемлекеттік орган, 3 204 бизнес өкілі, 74 мыңға жуық тұрғын атсалысқан. Бұл жұмыстар жалғасады.
Түркістан облысы Полиция департаменті құрылымдарымен, облыс аумағын абаттандыру қағидалары мен ортақ пайдалану орындарын ластау фактілерінің анықтау бағытында кешенді шаралар атқаруда. Қызметкерлер Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің тәртіпсіздікке «Нөлдік төзімділік» қағидатын жүзеге асыруға, азаматтардың құқықтық сана-сезімін қалыптастыруға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға тікелей әсер ететін баптары бойынша 17 270 деректі анықтап, әкімшілік шаралар қабылданды. Атап айтқанда, жыл басынан бері Әкімшілік кодексінің 505 бабы (Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру) бойынша 3 736 тұлға анықталып, 3 597 ескерту жасалып, 139 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынды Әкімшілік кодексінің 434-2 бабы (Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау) бойынша 10 614 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 146 млн теңге айыппұл салынған. Әкімшілік кодексінің 630 бабы (Жолдарды, теміржол өтпелерін және басқа жол құрлыстарын бүлдіру) бойынша 2 920 тұлғаға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар рәсімделіп, 13 млн теңгеден астам айыппұл салынып отыр. Түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Түркістан облысы бойынша экология департаменті тарапынан Қазақстан Республикасы Экология Кодексі талаптарының сақталуына қатысты 115 тексеру жұмыстары жүргізілді. Жүргізілген тексеру нәтижесі бойынша 478 экологиялық заң бұзушылықтар анықталып, бұзушылықтардың орындалуына 145 нұсқама берілген. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Әкімшілік Құқық бұзушылық туралы Кодексінің талаптарына сәйкес, 462 жеке және заңды тұлғаларға әкімшілік айыппұл салынған.
Өңірде тазалық, абаттандыру жұмыстары жалғасады. Осы салаларға қатысты заңды бұзғандарға қатысты тәртіптік шаралар да тоқтамайды. Тұрғындардың экологиялық сауатын көтеру, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы ақпараттық және түсіндіру жұмыстарына басымдық беріледі.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі