«ДАРМЕН» ҚОСЫМШАСЫН ПАЙДАЛАНУШЫЛАР ҚАТАРЫ АРТЫП КЕЛЕДІ
Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Мадияр Жақсыбаев баспасөз брифингінде «Дармен» қосымшасын қолданушылардың қатары артқанын мәлімдеді. Жалпы бүгінде қалада үш мыңнан астам адам осы қосымшаны пайдаланады.
– «Қазгидромет» мекемесінің Түркістан облысы және Шымкент қаласының аумағындағы ауа-райының жай-күйі бойынша мәліметтері көпшілік назарына ұсынылуда. Қыс мезгілінде синоптиктердің болжамдарын қадағалау және ТЖ департаментінің ұсынымдарын орындау қажет. Осы орайда тұрғындар үшін «Дармен» тегін қосымшасы жұмыс істеп тұр. Оның тиімділігі – ТЖ туралы хабарламалар, СМС-хабарламаларға қарағанда тез келіп түседі. Сол себепті қала тұрғындарын қосымшаны қолдануға шақырамын, – деді Мадияр Есенгелдіұлы.
Департамент басшысы ұзақ жолсапарға шықпас бұрын облыстық және республикалық маңызы бар жолдардың жай-күйі туралы «112» немесе 33-74-84 телефондары арқылы біле алатынын атап өтті. Қала аумағында 100-ден аса құлақтандыру жүйелері жұмыс істейді. Оның бәрі де кесте бойынша жүйелікпен бақыланады.
Тұрғындардың қосымша сұрақтарына 109 нөмірі жауап береді.
Фото: Береке СЕЙІТЖАППАР
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі