ДІН ЖӘНЕ БІРТҰТАС ЗАЙЫРЛЫ ҚОҒАМ ҚҰРУ ЖОЛЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТ
2011 жылы мамыр айында Үкіметтің құрылымында Дін істері жөніндегі агенттік құрылды, ал осы жылдың қазан айында «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң қабылданды. Осылайша, мемлекет діни өмірді
ішкі саясаттың аса маңызды саласы деп танып, конфессияаралық келісім мен азаматтардың діни сенім бостандығы құқығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасады.
2009 жылғы халық санағының қорытындысы бойынша Қазақстандағы ислам дінін ұстанушылар үлесі 70 процент, христиандық дінге табынушылар 26 процент, атеистер 3 процентке жуық. Бұл ретте қандай да бір этнос
өкілдері әдеттегідей өздерінің дәстүрлі діндерін таңдаған.
Бұл туралы Елбасы: «Біз өзіміздің мұсылман үмбетінің бір бөлігі екенімізді мақтан етеміз. Алайда Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін ұмытпауымыз керек. Біз елдің дәстүрлері мен мәдени нормаларына сәйкес келетін діни сана қалыптастыруымыз керек. Мен жария етіп отырған стратегия біздің халқымызды орта ғасырларда емес, ХХІ ғасырда өмір сүруге дайындайды.
Біздің Конституция сенім бостандығына кепілдік береді, бұл – факт. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, шексіз еркіндік деген болмайды. Ол – хаос. Барлығы да Конституция мен заңдар аясында болуға тиіс. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды. Себеп – әзірге біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитет әлсіз» деген болатын.
2011 жылғы қазан айында діни заңнамаға қажетті түзетулер енгізілді: қоғамдық орындарда салт-дәстүр жоралғыларын өткізуге шектеу қойылды, діни ұйымдардың қайта тіркелу іс-шарасы қарастырылып, нәтижесінде 18 конфессия мен 3,6 мың діни бірлестіктер қайта тіркелді. Алайда дінге сенушілердің ғибадат үйлерінен тыс жерлерде рұқсат етілмеген жиналыстар өткізуі шешілмеген мәселе күйінде қалды.
Діни экстремизм мен терроризмге қарсы 2013–2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама бойынша 1,5 миллион адам қамтылды, діни толеранттылық пен радикалды идеологияға қарсы тұру иммунитетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендер үшін кеңес беру орталықтары құрылды.
Конституцияға сүйене отырып, Қазақстан діндерді саясиландырудың барлық әрекеттеріне батыл түрде қарсы тұра білді, оны барлық мемлекеттік құрылымдар мен білім беру жүйесіне енгізді.