ДҮНИЕ ДЕ ӨЗІ, МАЛ ДА ӨЗІ, ҒЫЛЫМҒА КӨҢІЛ БӨЛСЕҢІЗ

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі», – деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең. Осы мақсатта «ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды.

Қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде тұлғаны тәрбиелеп оқытуды, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы ғылымның үлесін арттыруды мақсат еткен бағдарламаның жемісі көрінуде.  

Бағдарлама арқалаған міндеттер: Педагог кәсібінің жоғары мәртебесін қамтамасыз ету, педагогикалық білім беруді жаңғырту. Қалалық және ауылдық мектептердің, өңірлердің, оқу орындарының, білім алушылардың арасындағы білім сапасындағы алшақтықты қысқарту. Оқытудың қауіпсіз және жайлы ортасын қамтамасыз ету. Үздік практикалар негізінде білім алушылардың, педагогтердің және білім беру ұйымдарының сапасын бағалаудың жаңартылған жүйесін енгізу. Экономика қажеттіліктеріне және өңірлік ерекшеліктерге сәйкес оқытудың, кәсіптік даярлықтың сабақтастығы мен үздіксіздігін қамтамасыз ету. Білім алушының зияткерлік, рухани-адамгершілік және физикалық дамуын қамтамасыз ету.  Білім беру ұйымдарын цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру. Білім беруді басқару және қаржыландыру жүйесінің вертикалін енгізу. Ғылымның зияткерлік әлеуетін нығайту. Ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту және цифрландыру. Ғылыми әзірлемелердің нәтижелілігін арттыру және әлемдік ғылыми кеңістікке интеграциялануын қамтамасыз ету.

Отандық ғылым бүгінгі күні дамудың даңғыл жолына түсіп келеді. Ғылым сапасын жақсарту жөніндегі шараларды іске асыру нәтижесінде ғылымды қаржыландыру жеті есеге дейін  ұлғайғандығы, бизнес тарапынан ғылыми қызметті бірлесіп қаржыландыру үлесінің артқандығы қуантады. Бизнестің ғылымға қосқан үлесі 3 жыл ішінде 4,8 млрд теңгені құрады. Жыл сайын елімізде ғалымдардың еңбегін қолдау, жас ғалымдарды ғылым саласына тарту мақсатында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры дарынды жастардың бастамаларын қолдауға бағытталған жобаларға қаржы бөліп, конкурстар, форумдар ұйымдастырады. Бұндай маңызды шараларға  шетелден қатысушылар да шақыртылып, ел дарындыларының тәжірибе алмасуына жағдай жасалады.