ДҮНИЕЖҮЗІ ҚАЗАҚТАР ҚАУЫМДАСТЫҒЫ — ОТАНДАСТАРДЫ БІРІКТІРГЕН БАСТАМА
1992 жылдан бастап, әр бес жыл сайын өтіп тұратын Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы – Тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мәдени өмірінен өзінің берік орнын тапты. Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайы 2017 жылы 22–25 маусымда Астана қаласында шақырылды. Оған шетелдегі қазақ диаспорасы мен
отандық зиялы қауымның алты жүзден аса өкілдері қатысты. Құрылтай аясында «Халифа Алтай және тарихтың оралуы» деген тақырыпта халықаралық конференция өтті.
Өз сөзінде Елбасы Қазақстан тұңғыш құрылтай өткізгеннен бергі 25 жыл ішінде көптеген жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтіп, жаңа «Рухани жаңғыру» бағдарламасына және рухани жаңғыру шеңберінде жүзеге асырылып жатқан алты жобаға егжей-тегжейлі тоқталды.
Сондай-ақ мемлекет пен қоғам үшін шетелдердегі отандастарымызға көмек қолын созудың өте маңызды екендігін де атап өтті. Бұл көмек тұрақты және жоспарлы болуы үшін шетелдердегі және атамекеніне
оралған қазақтарға көмектесетін «Отандастар» қорын құруға, сондай-ақ Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірлесіп, кешенді бағдарлама дайындауға тапсырма берді. Бұл бағдарлама – көрші елдерде тұратын
қандастарымызға телехабарларды және баспа өнімдерін таратуды, Қазақстанға жұмыс істеу үшін келген кәсіби мамандарға бейімделу тетігін үйретуді, еліміздің оңтүстік аймақтарынан солтүстікке қоныс аударушылар бағдарламасына қатысушыларды жұмысқа орналастырумен айналысуды көздейді.
Н.Назарбаев сонымен бірге шетелдерде тұратын отандастарымызға шынайы ыстық лебізін білдіріп, атамекендерін ұмытпауға, елімізге жиі ат басын бұрып, атамекенімен байланысты нығайта түсуге шақырды. «Қайда жүрсе де қазақтың тарихи Отаны біреу-ақ. Ол – Қазақстан» деп атап өтті.