ЕГЕМЕНДІКПЕН ЕЛГЕ ОРАЛҒАН

Ұлан-байтақ қазақ даласы бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап, өзге жұрттағы қандастардың атамекенге ұлы көші басталды. Бұл жайлы айтқанда көз алдымызға атақты Халифа Алтай елестейді. Оның 1991 жылы тарихи отаны Қазақстанға біржолата көшіп келуінің өзі маңызы зор айшықты оқиға болған. Желтоқсанның қар-мұзы аралас ауа-райында Алматы әуежайынан түсе сала Отан анасының топырағына тәу етіп, оны емірене сүйген. Жүректі елжіретіп, сай-сүйегіңді сырқыратар жайт қой, шіркін-ай… Сол тарихи сәттің суреті де сақталған. Алыста жүріп, «елім, жерім» еңіреген есіл жүректің аласұруы – бұл…

Өзімен қоса бір дәуірдің тұтас тарихын, рухани әлемін ала келген Халифа Алтай 1991 жылы желтоқсан айының ортасында Ыстамбұл көшесінде келе жатып, радиодан «Бүгін Қазақ елі Тәуелсіздік алды, жер бетінде Қазақстан деген дербес мемлекет пайда болды!» деп түрік тілінде тараған хабарды естігенде, егіліп жылайды. Сол тұрған жерінде құбылаға сәжде жасап, Жаратқан Иеден: «Иә, Аллам, қазақ деген халыққа ақыры еркіндік келді-ау, абырой бердің-ау! Айбарлы мемлекет қыла гөр! Ғұмырлы қыла гөр!» деп дұға тілеген екен.

«Есің барда, еліңді тап!» демекші, тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап, өзге жұрттағы қандастарымыз атамекендеріне орала бастады. Сол Ұлы көш әлі толастаған жоқ. Бір кездері тағдырдың теперішімен шекара асып кеткен ағайындардың атамекенге ағылуына – 1997 жылдың 13 желтоқсанында «Халықтың көші-қоны туралы» Заңға ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қол қоюы даңғыл жол ашып берді. Әлемнің әр түкпіріне тарыдай шашылған талай қазақтың ата қонысқа деген сағынышы үзілмейтін үмітке, селкеусіз сенімге айналған еді…

Ата қоныстарымен қауышқан қазақтар өздерімен бірге қазақтың жоғалуға айналған кейбір салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын, ұмытыла бастаған көне сөздерін алып келді десек артық айтқандық емес. Шетелде туып тәуелсіздікпен бірге елімізге оралған басқа да танымал тұлғалар адал қызмет етуде.

Сол кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялағаны белгілі. Қазақ көшін жандандыру мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылып, Қауымдастықтың алғашқы құрылтайы 1992 жылғы 28 қырқүйек пен 3 қазан аралығында Алматы қаласында өтті. Осы құрылтайда сөйлеген сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев: «…Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз туған мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды етуге, қуатын арттыруға, оның игілігіне, халықаралық қоғамдастықта абыройының өсуіне адал қызмет етуге парыздармыз», «Бар қазақ – бір қазақ» деген отты сөзін айтып миллиондаған елдің жүрегін елжіретіп, рух сыйлаған еді.

Ал, енді, Қарағанды облысына да біршама қандастарымыздың қоныс аударғанын білеміз. Өзім де солардың бірімін. Жалпы Арқа өңірі жаныма ерекше жақын. Себебі, Қарақалпақстанды біраз жыл басқарған Кәкімбек Салықов жайлы түрлі тәлімді аңыздарға сусындап өстім. Оның әндерін ол жақта әлі де сүйіп тыңдайды. Радиодан, теледидардан «Достық» бағдарламасынан «Ақтоғай вальсі», «Тау ішінде» сынды әндерді еститінмін. Сонымен қатар, мектеп оқулықтарынан Сәкен – Жаңарқада туған, Қасым – Қарқаралыда туған деген мәліметтерді оқимын. Той-мерекеде Шынболат Ділдебаевтың «Шындық» толғауын жатқа соғушы едім. «Осындай алыптарды туғызған, аңызға айналған әндерге арқау болған сол өлкені көзбен көрсем ғой» деп армандаушы едім. Қазір Құдайға шүкір сол армандарымның арасында жүрмін.

Облысымыздағы қандастар жөніндегі мәселенің анық-қанығына көз жеткізу мақсатында Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы Қарағанды облыстық филиалының басшысы Меруеш Башайқызына хабарластық.

– Тәуелсіздік алған тұста ең алғаш болып, Моңғолия елінен Еңбек шарты негізінде қандастар көшіп келді. 1997 жылы арнайы Заң қабылдаған соң облысымызға күні бүгінге дейін дүниенің 13 мемлекетінен 80 мыңға жуық қазақ қоныс аударып, өсіп-өніп шамамен 300 мыңға жеткен. Алғашында оларға үй, жұмыс және жәрдемақы берілді. Кейін үйдің орнына жан басына қаржылай көмек дәстүрлі түрде көрсетілді. Мен өзім 1993 жылы Елбасының Моңғолияға сапары кезінде арнау ән айтқан едім. Өте әсерлі кездесу болғаны есімде. Кейін Елбасының арнайы шақыртуымен 2007 жылы елге оралып, Қарағандыға тұрақтадым, – дейді Меруеш Башайқызы.

Ресми деректер бойынша, Қазақстан халқының саны 2017 жылғы 1 қыркүйектегі көрсеткіш бойынша 18 074,1 мың адам екен. 2009 жылғы санақта қазақтар ел тұрғындарының 63%-ын құраған. Одан бергі 10 жыл ішінде бұл көрсеткіш 70%-ға жетті деп бағамдасақ, қазақ саны 12 500 000-ның үстіне шықты деп болжам жасауға болады.

Ал, 2014 жылғы Түркия үкіметі жариялаған мәліметке сүйенсек, шетелдердегі қазақтардың саны – Өзбекстанда 2 миллион 500 мың, Қытайда – 2 миллион 250 мың, Ресейде – 1 миллион 310 мың, Моңғолияда – 120 мың және басқа да 40-тан астам мемлекетте барлығы бұдан 5 жыл бұрынғы мәліметке сәйкес – 6 321 564 қазақ бар екен. Демек, қазіргі есеп бойынша жер жүзіндегі қазақтардың санын 20 миллионға жетіп қалды деп шамалауға негіз бар.

Қорыта айтсақ, бабаларымыз армандап өткен тәуелсіздіктің арқасында Атамекеніне ағылған қалың қазақтың саны арта түсуде. 2012 жылғы көші-қон мәселесі тоқтатылған болса да, биылдың өзінде шетелден 6796 адам, яғни, 4244 отбасы көшіп келген. Ресми дерекке сүйенсек, көшіп келген қандас бауырларға көші-қон есебінен материалдық немесе қаржылай көмек еліміздің тек солтүстік облыстарында ғана бар екен. Алдағы уақытта Алланың көзі күллі қазақ баласына түзу болып, барлық қандастарымыздың ата қоныстарына оралатынына сенеміз!

Жәлел ШАЛҚАР