ЕГЕМЕНДІКТІҢ ҮШТАҒАНЫ

Қиын-қыстау заманды артта қалдырып, отыз жылды еңсерген еліміз жаңа белестерге ұмтылып, жаһанның дамыған озық отыздығына кіруді көздейтіні баршаға мәлім. Осы дамудың даңғыл жолына түскен ұлттың ұстанымын айқындап, келешегін кемел етуде ел көшбасшының көрегенділігіне иек артатыны анық. «Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз.

Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз», – дейді өз сөзінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.Шындығында, бірлігі бекем елдің тірлігі де тындырымды болары кәміл. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту, бүкіл әлем бәсекеге түскен ғылым бәйгесінде қазақ ұлтының атағын аспандату барлығы да жастардың мойнына артылар жүк.

Тәуелсіздіктің құрдастары да қазір орда бұзар отыз жасқа келіп отыр. Азат елдің озат ұландары ұлттың болашағын бекем етіп, бәсекеге қабілетті орта қалыптастыруда тынбай еңбек етуі тиіс.Мақала да мемлекттігімізді айқындаған айтулы өзгерістер мен қатар келешекте атқарылатын іске бағыт-бағдар берілген. Оның ішінде тарихи киноның көптеп түсірілуіне де баса назар аударылған. Бұл арқылы ұлт шежіресінде әлі ашылмаған ақтаңдақ бетін экранға алып шығып, алты құрлықтың көрерменіне таныстыру идеясы жатыр.Бұдан бөлек қазақ әдебиетінде кенжелеп тұрған аударма саласына жүйелі өзгерістер енгізуде ұсынылған.Тарихты танып, бүгініңді бағамдап, келешегіңе ойлы көзқараспен қарауға шақыратын мақала қазақ халқының алға қойған мақсат-мұратын тағы бір айқындап берді.


Жаппарберген ЖАЛҒАСБАЕВ,

Қазалы ауданының Құрметті ­азаматы