ЭКОЛОГИЯ ЖАҚСАРЫП, ШЫҒЫНДАР АЗАЯДЫ: АРЫСТА ЖЫЛУ ҚАЗАНДЫҚТАРЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА АУЫСТЫРЫЛЫП ЖАТЫР

Арыс қаласында орналасқан бірден екі қазандық табиғи газға ауыстырылып жатыр. Соның арқасында эксплуатациялық шығындар едәуір азайып, өңірдің экологиялық жағдайының жақсаруына оң ықпал етеді. Бүгін қала әкімі Гүлжан Құрманбекова «Арыс жылу» КМК-на қарасты «Орталық қазандыққа» барып, жұмыстардың барысымен танысты.
Қала басшысы атап өткендей, қазандықтарды табиғи газға ауыстыру қаланың алдағы дамуы үшін маңызды қадам.
«Бұл жоба арқылы тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартумен қатар, өңіріміздегі экологияға оң әсер етеміз. Жаңа технологиялардың артықшылықтарын сезініп, қаламыздың таза әрі жайлы болуы үшін жұмыстар тоқтамайды,» – деді әкім.
Қазірге дейін қазандықтар қатты отын (көмір) арқылы жұмыс істеп келді. Бүгінгі таңда ескі қазандықтың орнына табиғи газбен жылытатын заманауи «БМКГ-13957» модульдік қазандыққа ауыстыру жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Бұл инновациялық технологиялар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, Арыс тұрғындары үшін қолайлы әрі тиімді жылыту жүйесін құруға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, «Арыс жылу» мекемесі арқылы қазіргі таңда 27 көпқабатты үй (1229 абонент), 11 бюджеттік мекеме мен 10 коммерциялық ұйым жылумен қамтамасыз етіліп отыр.
Жаңа қазандықтардың іске қосылуы тек экономикалық тиімділік әкеліп қана қоймай, қоршаған ортаның жағдайын жақсартуға және Арыс қаласының экологиялық дамуына үлкен үлес қоспақ.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі