ЕЛ АСТАНАСЫ — АЙБАРЫМ
Елбасы туралы сөз қозғаған уақытта Астананы айтпай кету соқырлық. Ең алдымен, қазақтың бас қаласын Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірудегі стратегиялық себептер мәнін ұғынып алған жөн. Біріншіден, қызыл империя тұсында бар мәселемізді Мәскеудің шешіп келгені белгілі. Ел егемендігін алған соң, байтақ жерімізді сақтап қалып, ұрпаққа сол күйінде табыстау үшін де ел астанасы жеріміздің кіндігінде орналасуы керек болды. Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында солтүстік аймақта демографиялық ахуал төмен болған еді. Басқа ұлттардың үлесінің көп болуы, қазақтар үлесінің аздығы осылайша демографиялық құрылымды жақсарту міндетін алға қойды. Үшіншіден, Орталық Қазақстанда ірі өндіріс орындарының шоғырлануы олардың әлеуетін максималды тұрғыда пайдалануды қажет еткен еді. Астана осы мәселелердің оң шешілуіне ықпалын тигізді. Бүгінде Астана – мемлекетіміздің айбыны, тәуелсіздігіміздің бойтұмары. Сәулеті мен дәулеті келіскен бас қала бүгінде әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелер талқыланып, іргелі шешімдер қабылданатын ірі орталыққа айналып үлгерді. Арманнан туған Астананың әлем мойындаған ірі ресми орталыққа айналуында, сөз жоқ, Қазақстан басшысының ұшан-теңіз еңбегі жатыр.
Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі, бір кездері «темір леди» атанып, біріккен корольдіктің нөлдік деңгейге жеткен экономикасын жанкештілікпен қайта көтерген Маргарет Тэтчердің «Мемлекеттердің іргесін салған, негізін қалаушылар әрдайым қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Тоталитаризмнен азаттыққа көшу ешқашан жеңіл болмаған… Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды. Ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге қол жеткізді» деп Елбасының ерен еңбегіне тарихи баға бергені бар.