ЕЛ ЕГЕМЕНДІГІ ЖАЙЛЫ АЛҒАШҚЫ ҚҰЖАТ

Тәуелсіздік-кез келген мемлекеттің басты байлығы. Әр түрлі халық, әр түрлі жолмен тәуелсіздікке қол жеткізеді, Революция, Соғыс, ұлт-азаттық соғыстар арқылы. Қазақстан үшін 1986 Жылғы Желтоқсан оқиғасы халықтың егемендікке, өзін-өзі билеуге ұмтылысының бастамасы болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда ҚР Жоғарғы Кеңесі «ҚР Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы»Конституциялық заң қабылдады. Биыл біз ұлттық мерекенің, Тәуелсіздік күнінің, «Қазақстан Республикасы»деп аталатын егемен мемлекеттің құрылуының 30 жылдығын атап өтеміз. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық аренада танымал, өркендеген, дамып келе жатқан елге айналды. 2021 жылды Президент Тәуелсіздіктің 30 жылдығы жылы деп жариялады. 1990 жылғы 25 желтоқсанда Қазақ КСР-інде Республиканың мемлекеттік егемендігі туралы Декларация қабылданды, ол Қазақстанның тәуелсіздігі жолында маңызды рөл атқарды.

Декларацияда Қазақ КСР-інің мемлекеттік егемендігі жарияланып, елдің саяси-құқықтық тәуелсіздігінің бағдарламасы баяндалды. Ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтындығы, қазақ халқының және Қазақстандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту мемлекеттің аса маңызды міндеттерінің бірі ретінде айтылды. Конституциялық құрылысқа қарсы жасалатын кез келген күштеу әрекеттері, оның аумағының тұтастығын бұзуға шақыратын, ұлт араздығын қоздыратын жария-ұрандардың заң бойынша жазаланатыны ескертілді. Республиканың саяси, экономикалық, әлеуметтік, ұлттық-мәдени құрылысына, оның әкімшілік-аумақтық құрылысына байланысты мәселелер ешкімнің араласуынсыз дербес шешілетіні жарияланды.

Президент — Республиканың басшысы, ең жоғарғы әкімшілік-атқарушылық биліктің иесі ретінде танылды. Жер, оның қойнауы, су, әуе кеңістігі, өсімдіктер мен хайуанаттар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар, халықтың мәдени және тарихи қазыналары, бүкіл экономикалық, ғылыми-техникалық әлеует Республика егемендігінің негізін құрай отырып, оның ерекше меншігінде болатыны көрсетілді.

Декларацияда: «Қазақ КСР-і Республика үлесіне сәйкес жалпыодақтық мүліктегі, оның ішінде алмас, валюта қорлары мен алтын қорындағы өз үлесіне құқылы, республика аумағында ядролық қарудың сыналуына, жаппай қырып-жоятын қарудың өзге түрлері (хим., бактериолог., биолог., т.б.) үшін сынақ полигондарын салуға және олардың жұмыс істеуіне тыйым салынады» деп жазылды. «Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі мен Президентке бағынатын, солардың бақылауында болатын өз ішкі әскерлерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын ұстауға Қазақ КСР-нің құқы бар» делінді.

А.АСҚАР