ЕЛ ЕГЕМЕНДІГІНІҢ ЕСКЕРТКІШТЕРІ
Тарихы тым тереңде жатқан Шымкент қаласының келбеті соңғы он жылдықта едәуір өзгеріске енгенін аңғару қиын емес. Тәуелсіздік алғаннан бері дамудың үздіксіз жолына түскен қала сәулеті бүгінде асқақ. Мұның дәлелі мәдени орындарда, кешендер мен гүлзарларда, саялы саябақтарда сайрап тұр. Ең қуанарлығы, қай нысанды алсаңыз да атауына дейін тәуелсіздіктен, елшілдіктен сыр шертеді. Мәселен «Даңқ» мемориалы, «Тәуелсіздік» саябағы, «Бәйдібек би» кешені, «Астана» даңғылы т.б. Егемендіктің жетістігі есетін маңдайалды нысандар тізімін осылай жалғастыра беруге болады…
ТӘУЕЛСІЗДІК САЯБАҒЫ
Саябақ Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай, сол кездегі қала әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың бастамасымен бой көтерген. Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен ашылған алаңның төменгі бөлігінде ең алдымен көзге түсетіні – қасиетті көк байрақ. 50 метрлік биіктікте, көк аспанның құшағында үздіксіз желбіреп тұратын мемлекеттік ту кез келген отандасымыздың мерейін үстем етіп, көкірегін ерекше сезімге бөлеп тұрары хақ. «Отан-Ана» монументіне қарап та, халық философиясының терең астарын аңғаруға болады. Ата-бабамыз үшін ана сөзі қандай қадірлі болса, Отан сөзі сонымен пара-пар іспеттес. Қазақ Туған жер мен тіршіліктің тамыры тарайтын туған ана ұғымын өте жақын қарастырады. Міне, монумент осыны жас ұрпаққа жеткізуде жетекші рөл ойнап тұр. Қала индустриасында маңызды саналатын Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би көшелерінің қиылысқан тұсында, «Ордабасы» алаңы маңында орын тебуі де тарихи астарлы әрі ұтымды шешім.
Тәуелсіздік монументі мен тәуелсіздік саябағының арасын жалғайтын «алтын көпірдің» ұзындығы – 104 метр. Едәуір кең әрі биік көпір арқылы жоғары көтерілген соң саябақпен жалғасады. Осы жерден басталатын «Тәуелсіздік шежіресі» аллеясында ежелгі балбал пішіндес тастар қатарласа орнатылған. Бұл тастарға 1991 жыл мен 2011 жыл аралығында қабылданған мемлекеттік маңызды шешімдер жазылған. Тасқа қашалған тарихтың жалпы көлемі саябақтың 5,8 гектарын құрап жатыр.
Тәуелсіздік саябағындағы ұлтжандылықты ұялатар тағы бір ерекше нысан – «Алтын шаңырақ». Бір шаңырақ астында тату-тәтті күн кешіп келе жатқан ұлт пен ұлыстардың бірлігін айқындайтын белгі. Қазақтың қасиетті шаңырағын берік ұстап тұрған 137 тіреу бейбіт жерімізде өмір сүріп жатқан 137 түрлі ұлт өкілінің символы. Тәуелсіздіктің ең басты тұғыры өзара ынтымақ пен татулық екенін паш етіп тұрған туынды. Ары қарай әсем гүлзарлар, жағалай қойылған орындықтар легі жасанды «Бәйтерек» монументіне апарады. Әуенді субұрқақтар түрлі-түсті кейіпте, мың бұрала тербелгенде бақтың түнгі келбетіне жан бітіре түседі. Еңселі мәрмәр таста Елбасының «Дүниеде тәуелсіз Қазақ елі бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның, көп ұлтты, ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенімді саяси жүйесі бар. Ең бастысы – бүгіннен нұрлы, бүгіннен кемел болашағы бар. Сол күнге берік сенімі бар» деген жүрекжарды толғанысы жазылған.
Рәміздер алаңындағы Елтаңба, Әнұран секілді елдігіміздің басты белгілері бұл тек демалатын орын ғана емес, әрбір қазақстандықтың көкірегіне патриоттық сезім ұялатар мекен екенін айғақтайды. Бүгінге дейін саябақ қаламыздағы атаулы мерекелер, мемлекеттік маңызы бар іс-шаралардың және талай тұрғынның бақытының куәсі болып келеді.
А.ҚАЛШАБЕКҚЫЗЫ.
(жалғасы бар)