ЕЛ МЕН ЕЛБАСЫ ЕГІЗ ҰҒЫМ

Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан азаттыққа қол жеткен аз ғана уақытта  көптеген  сындарлы жолдан өтіп, биік белестерді, асқар асуларды бағындыра алды десек, оның бәрінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еңбегі орасан. Елең-алаң шақтың өткелінен елімізді еңкейтпей өткізіп, еңсесін тіктеген, болашаққа жарқын жоспар құрып, бағытты айқындауда Елбасының  төккен тері өлшеусіз.

Уақыт өткен сайын дәуірден озатын дара тұлғалар, заман жаңарған сайын жаңғыра түсетін жасампаз істер болады. Көреген көшбасшы, саңлақ саясаткер, білікті реформатор, тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы  Назарбаев жайлы айтқанда осындай орамдар ойға еріксіз оралады.

Тұңғыш Президент батыл да байсалды саясатымен заман иығына артқан тарихи миссияны зор мәртебе, үлкен абыроймен атқарғанын бүгінгі күннің өзі-ақ айқындап отыр. Қазақстан өзінің тұтас бір жаңа дәуірін Елбасы есімімен байланыстырды. «Жолды іздемеу керек, жолды салу керек» деген тәмсіл де Елбасыдай қайсар қайраткерге, жігерлі жолбасшыға қарата айтылса керек. Ғасыр тоғысар тұста экономика тұралап, халық тарығып, тоқырау дендеген сын сағатта Көшбасшы ретінде елдің етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеп, іргесін бекітіп, мемлекеттілікті қалыптастыруды жедел қолға алды.

Елбасы – Қазақ халқының маңдайына біткен бақыт, тағдырына жазылған теңдессіз тарту десек, артық емес. Ұлы Даланың ұлттық ұстанымдарын тұла бойына сіңіріп, халқымызды бүкіл әлемге танытқан Ұлт Көшбасшысы – тәуелсіздігіміздің негізін қалап, сарабдал, салмақты саясатымен дамудың даңғыл жолына жетелеген, әлем мойындаған қайраткер.  

Еліміздің қатпарлы тарихына зер салсақ, талай сындарлы әттерді, не түрлі тауқыметтерді бастан өткергенінен хабардар боламыз. Тағдыр сынағын ел-жұрт адалдығымен, қайсарлығымен, ертеңгі күнге деген үкілі үмітімен ғана еңсерді. Ал қазір ондай қиындықтардың барлығы артта қалып, халқымыз мамыражай күн кешуде. Қазақстанның бастамалары мен ұстанымдарын жер бетіндегі барлық мемлекеттер мойындап, қуаттап, қолдау үстінде. Әлбетте, мұның бәрі – Елбасы саясатының жемісі.

ӘЛИЯ АЛЯКБАРОВА,

С.СЕЙФУЛЛИН АТЫНДАҒЫ ЖАЛПЫ ОРТА МЕКТЕБІНІҢ АҒЫЛШЫН ТІЛІ ПӘНІ МҰҒАЛІМІ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

ОРДАБАСЫ АУДАНЫ.