ЕЛ СЕНІМІН АҚТАЙ БІЛДІ
Қазақ елі тәуелсіздігінің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтеріп, Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құрған Елбасымыздың аз жылдың аясында туған елін әлемдік қауымдастыққа танытқандығына өзгелермен бірге өзіміз де қайран қалып, тамсанамыз. Тарихтың қилы бір кезеңдерінде елге Нұрсұлтан Назарбаевтай Көшбасшының табылуын халқымыздың бағы деп те түсінеміз.
1991 жылы 1 желтоқсанда Тұңғыш Президент сайланып, халық оған сенім артты, ел тәуелсіздігін аманат етті, жауапкершілік жүгін арқалатты, Халық өздері таңдаған Көшбасшысының не істеу керектігін білетіндігіне, елді адастырмайтынына, тура жолға бастайтынына сенді. Еліміз бен халқымыздың сол сенімін Елбасының толық ақтап отырғандығына да осы күндері көзіміз анық жетіп отыр.
Бәрі де есімізде. Қазақстан Республикасы Президентінің қызметіне кірісуге арналған салтанат сол жылдың, яғни 1991 жылдың 10 желтоқсанында болған-ды. Президенттің қызметіне кірісу және ант беру салтанаты ежелгі халықтық дәстүр мен қазіргі өркениет үлгілерінің айшықталған жағдайында өтті. Президент ежелгі дәстүр бойынша ақ киіздің үстіне көтеріліп, қолын Конституцияға қойып, ант берді. Ел ағалары Дмитрий Снегин, Құдыс Қожамияров, Эдуард Айрих, Ыбырайымжан Қожахметов Сарай төрінде бүкіл халық қолдаған Елбасыға ерекше сән-салтанатты шапан жапты, президенттік айырым белгілерін тапсырды. Жасы тоқсаннан асқан халық ақыны Шәкір Әбенов бата берсе, көрнекті жазушы, публицист, Жоғарғы Кеңес депутаты Әбіш Кекілбаев ақ жол тілегін білдірді.
Ант беру рәсімінен кейін тебірене сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Бүгінгі күн – қазақ елінің шежіресіне мәңгі енетін күн. Тарихтың талай бұралаң белесінен өтіп, бұл күнге де жетіп отырмыз. Бәрін де көрген халықпыз, бәріне көнген халықпыз. Ежелден еркіндікті аңсап, азаттықты көксеп келе жатқан еліміздің басына талай рет бақ та орнап, бағы да тайып, сағы да сынған, қилы кезең, зар заманға да талай ұшыраған. Шүкір, кештеу болса да ес жиып, еңсе көтеріп, егеменді елдің туын да тіге бастадық. Қазақ Республикасының Президентін бүкіл халық сайлағаны – осы жолдағы ең биік белестің бірі. Елдің қамын ойлайды, намысын жібермейді деп бір ауыздан сенім артқандарыңыз үшін шын жүректен алғысымды айтамын! Елім үшін, халқым үшін, Қазақстаным үшін тарихтың қай сынағына да тәуекел деп бас тігуге дайынмын. Бұл жолда ең алдымен дана халқыма, дархан еліме, ата-бабамның әруағына сүйенемін», – деп тебірене ағынан жарылды.
Тарихтың сол бір бұлтарысты кезеңінде қазақстандықтар өз Көшбасшысын дұрыс таңдай білді және де халық өздері сенім артқан Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап елді адастырмай, дұрыс бағытпен алып келе жатқандығына да осы күндері көздері анық жетіп отыр. Халықтың қателеспей, сол бір кездегі дұрыс таңдау жасай білгендігіне осы күндері шүкіршілік те етеміз.
Нұрсұлтан Назарбаев мемлекет басшылығына келген алғашқы сәттен бастап айрықша ерекшелігі бар өзгеше бір халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, арандататын пікірлердің ығы мен ырқына жығылмай, әліптің соңын баға сабырмен, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре, жан-жақты мүдделердің түйісу нүктесін таба біліп шешудегі даралығымен бірден әлем назарын аударды. Елбасы өзінің қол жеткізсем-ау деген саяси және ұлттық биік мақсаттарын әрдайым есінен шығармаумен бірге, оған жету үшін де жалаң ұран көтеріп, жақсы атақ алуға қызықпады. Қандай мәселеде болсын қолдан келетін нақты мүмкіндіктерді ғана түгел пайдаланып, эволюциялық жолмен тұрақты ілгері жылжи бергенді дұрыс санады. Дамудың қазақстандық жолын іздестірді, өзіндік бағытты тандады. Сол қазақстандық даму жолынан өзге даму жолдарының ешқайсысын да, тіпті бірде-бірін жоққа шығарған емес, керісінше, өзге даму жолдарының қажеттісін алып та пайдалана білді.
Исамудин РЫСБАЙ.