ЕЛ ЖӘНЕ ЕЛБАСЫ
Тәуелсіздігін енді алып жатқан елдің шекарасын талассыз бекітіп алу, бұғанасы бекімеген мемлекетті басқаруды қолға алу, мызғымас мемлекеттілік қалыптастыру, тиімді реформаларды қолданысқа енгізу, алып елдермен тең дәрежеде дипломатиялық қатынас орнату – мұның бәрі бір сәтте шешіле салатын оңай іс емес. Біздің мемлекет Президент басшылығымен осындай сын сағаттардан аман өте алды. Шүкір, бүгінде тәуелсіздігіміз бекіген, қалыптасқан мемлекетке айналдық.
Рас, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде алда талай ауыр жолдар жатты. Елбасының сөзімен айтсақ, «Алдағы ауыр жолды абыройлы жүріп өту үшін, әуелі жол картасы керек болды. Әрине, дүниежүзінің тәжірибесіне сүйендік, Малайзияның «2020 перспективасы», Қытай мен Оңтүстік Кореяның стратегиялық жоспары, Рузвельттің отызыншы жылдардағы экономикалық жолы. Бірақ, біздің стратегиямыздың олардан ерекшелігі, біз барлық проблемалардың шешімін кешенді түрде қарадық». «Қазақстан – 2030» стратегиясының бар мән-маңызы Президенттің осы сөздерінен-ақ көрініп тұр. Елдің ертеңімен етене байланысты бұл құжат осылайша мемлекеттік дамуымыздың өзіндік көрінісін жасады. Аталмыш құжатта экономикалық даму кезең-кезеңге бөлініп, стратегияны орындау барысында 1998-2000 жылдардың өзінде елдің ішкі жалпы өнімі екі есеге дейін артып, әлеумет әл-ауқаты анағұрлым өсті. Бастысы, экономикада барлық параметрлер бойынша өсу болды. Ал, бүгінгі жетістіктер сонау сын сағатта еліміздің «дамудың жол картасын» дұрыс таңдап алғанын көрсетіп отыр. Ендеше, аталмыш стратегияны тәуелсіздік тарихындағы дара қадамға балауға болады.
Біз мемлекеттік шекараны бекітудегі Президент атқарған күрделі жұмыстардың маңызын әлі толық түсіне алған жоқпыз. Мемлекет шекарасын бекітуде территориялық дауларды алып тастау, көршілес елдермен бейбіт қатынаста өмір сүруге қол жеткізу, көлемі жағынан дүниежүзінде тоғызыншы орын алатын, бес Франция сыйып кететін ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығын сақтап қалу – үлкен стратегиялық жұмыс. Таулы Қарабақ үшін дауда Әзірбайжан мен Арменияның «соғыс өрті әне тұтанады, міне тұтанады» деген қауіппен әлі күнге қырғи-қабақ жағдайда отырғанын жақсы білеміз. Демек, ата-бабаларымыздан қалған ұлан-байтақ жеріміздің шашауын шығармай сақтап қала алу – Мемлекет басшысының ерен еңбегі мен ұйымдастырушылық деңгейінің жоғарылығының нәтижесі.
Реті келгенде айта кеткен жөн, шекараны бөлісу оңайға түспеді. Әр елдің өз мүддесі, ішкі есебі бар. Мемлекеттік мүдде тағы бар. Мұндай тарихи кезеңде аталған жайттардан айналып өту оңай емес екені тағы белгілі. Ресеймен арадағы шекараны анықтап, нақты бекіткен уақытта Астраханмен жер бөлісу оңай болмады. Әр шаршы метр үшін сол кезде Президенттің қалай тер төккенін білеміз. Президент қазақтардың моласы тұрған жерлерге дейін өзімізде қалдыруға тырысып бақты және соған қол жеткізді. Қытай, Өзбекстан елдерімен шекара бөлісу үлкен қиындықтардың нәтижесінде мүмкін болды. Ата-бабаларымыздың кезінде мал жайып, көп жерлерге салып кеткен белгілеріне дейін, әр төбешікке дейін ескерген Президент жер бөлісуде мемлекетіміздің есебін де, есесін де жібермеді. Мұның барлығы дипломатиялық қатынастағы шеберлік еді. Осылайша, мемлекеттік шекара тарихи өткен жолымызда тұңғыш рет ресми түрде нақты айқындалды, еліміздің 14 мың шақырымнан астам шекаралық шегі заңды түрде белгіленіп, мемлекетіміздің территориялық тұтастығы туралы алып-қашпа сөздерге біржола нүкте қойылды. Біз – алып державалардың ортасында орналасқан елміз. Азуын айға білеген державалардың ішкі есебі, ойы әртүрлі. Жер байлығы «нөмірі бірінші» орынға шыққан осынау кезеңде мемлекеттік шекараны заңды әрі алып елдермен бет жыртыспайтындай етіп белгілеп алу – Президенттің үлкен тарихи еңбегі.
Шекара дегеннен шығады, Елбасымыз дипломатиялық қатынас орнатуға, диалог арқылы оңды келісімдерге қол жеткізуге келгенде шебер саясаткер. Елбасымен бірге талай елдерде іссапарда болдық. Қай елдің Президентімен де күнде көріп жүрген сыралғы досындай сөйлеседі. Еуропа, Қытай, Ресей басшылары Президентті қатты сыйлайды. Және қай елдің халқында да Қазақстан Президентіне деген қызығушылық басым. Қазақстан басшысы алып елдермен тиімді дипломатиялық қатынас орнатты. Мәселен, айдаһар ел атанған алып Қытай. Қытай-Қазақстан тәуелсіздігін жариялағаннан кейін бар-жоғы бір айдың ішінде бізбен дипломатиялық әріптестік орнатқан мемлекет. Бұл жөнінде Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жазған естелігі де бар. «Ақиқатын айту керек, Нұрсұлтан Әбішұлы алып көршімізбен қазақ қазақ болғаннан бұрынғы кезеңдерде ұлы даланың бірде-бір әміршісі жасай алмаған тең дәреже, өзара сыйластық пен сенімге құрылған қарым-қатынас орната білді. Тәуелсіздік жылдары екі ел басшылары екі жаққа бірдей талай рет ресми сапарлар жасады» деп келтіреді.
Реті келгенде айтып өткен жөн, Қазақстан басшысы еліміз егемендігін алған сәттен бастап Қытай елімен арада тыныш шекара, тиімді экономикалық, саяси қарым-қатынас орнатуға айрықша назар аударды. Және осынау миссияға бел шеше кірісті. Әсіресе, шекара мәселесіне, жер мәселесіне келгенде кей мемлекеттер арасында сонау тоқсаныншы жылдары соғыс өртінің тұтану қаупі болғаны белгілі. Әлемге айбарын шашқан алып Қытаймен бұғанасы бекімеген жас мемлекеттің мол мұралы жерді қисынды жолмен белгілеп, халықаралық құжаттармен бекітіп, мәселені нақты шеше алған Президенттің бұл еңбегін ұрпақ алдындағы өлшеусіз зор еңбек демеске лажың жоқ.Елбасы туралы сөз қозғаған уақытта Астананы айтпай кету соқырлық. Ең алдымен, қазақтың бас қаласын Алматыдан Сарыарқа төсіне көшірудегі стратегиялық себептер мәнін ұғынып алған жөн. Біріншіден, қызыл империя тұсында бар мәселемізді Мәскеудің шешіп келгені белгілі. Ел егемендігін алған соң, байтақ жерімізді сақтап қалып, ұрпаққа сол күйінде табыстау үшін де ел астанасы жеріміздің кіндігінде орналасуы керек болды. Екіншіден, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында солтүстік аймақта демографиялық ахуал төмен болған еді. Басқа ұлттардың үлесінің көп болуы, қазақтар үлесінің аздығы осылайша демографиялық құрылымды жақсарту міндетін алға қойды. Үшіншіден, Орталық Қазақстанда ірі өндіріс орындарының шоғырлануы олардың әлеуетін максималды тұрғыда пайдалануды қажет еткен еді. Астана осы мәселелердің оң шешілуіне ықпалын тигізді. Бүгінде Астана – мемлекетіміздің айбыны, тәуелсіздігіміздің бойтұмары. Сәулеті мен дәулеті келіскен бас қала бүгінде әлемдік деңгейдегі маңызды мәселелер талқыланып, іргелі шешімдер қабылданатын ірі орталыққа айналып үлгерді. Арманнан туған Астананың әлем мойындаған ірі ресми орталыққа айналуында, сөз жоқ, Қазақстан басшысының ұшан-теңіз еңбегі жатыр.
Ұлыбританияның бұрынғы Премьер-министрі, бір кездері «темір леди» атанып, біріккен корольдіктің нөлдік деңгейге жеткен экономикасын жанкештілікпен қайта көтерген Маргарет Тэтчердің «Мемлекеттердің іргесін салған, негізін қалаушылар әрдайым қалыпқа сыймайтын тұлғалар болып келеді. Ал, Нұрсұлтан Назарбаевты толық мәнінде осы санатқа жатқызуға болады. Тоталитаризмнен азаттыққа көшу ешқашан жеңіл болмаған… Президент Назарбаев Қазақстанды бүгінгі шыққан биігіне жеткізу үшін батылдық пен сақтықтың үйлесімін пайдаланды. Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзінің ерекше қасиеттерін сақтап қалды. Президент Назарбаев экономика мен қоғамның ашықтығына, яғни кейбір көршілері қасарыса бас тартқан нақ сондай нәрселерге ұмтылды. Ол сөйтіп Қазақстан үшін халықаралық ұйымдарда айтарлықтай беделге қол жеткізді» деп Елбасының ерен еңбегіне тарихи баға бергені бар. Меніңше, мақаланы осы сөйлемдермен түйіндеуге әбден болады.
Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ,
қоғам қайраткері