«ЕЛБАСЫ АЛҒЫР, ЗЕРЕК БАЛА БОЛДЫ»
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевпен 9-сыныптан бастап бірге оқыдық. Ол өте алғыр, зерек бала болды. Оқуға деген ынтасы тым жоғары. Қай кезде де кітап оқып, ізденіп жүретінін байқайтынбыз. Онысын байқамау мүмкін емес-тін. Өйткені оның ізденімпаздығы мұғалімдердің өзін таңдай қақтыратын. Барлық пәнді, әсіресе үй тапсырмасын соншалық мазмұнға байытып, тарихпен байланыстырып айтып беруі таңырқатпай қоймайтын.
Сұлтан (бала кезде барлығымыз оны осылай атайтынбыз) екеуміз 9-сыныптан бастап мектепті бітіргенше бір партада отырдық. Жас та болса оның өмірге деген көзқарасы, келешекке деген арманы бөлек-тін. Қиялы мен мақсаты асқақ сыныптасымның өз құрдастарына, адамға деген пейіл-ықыласы мен қамқорлығы ерекше болды. Әрбірімізге қолынан келсе көмек беруге дайын тұратын.
Балалық шақтың қай кезі де біздерге ыстық, еске түссе әрбір сәті керемет. Нұрсұлтан мектепті өте жақсы бағаға бітірді. Сол, мектепті аяқтаған соң біздің ең алғаш кездесуіміз 1959 жылы еді. Онда да аяқасты Алматы көшелерінің бірінде ұшырасып қалдық. Сәлемдесіп үлгердік, асығыс екенін жеткізді. Арада жылдар өтіп, одан кейінгі кездесуіміз 1993 жылы 11-желтоқсанда орын алды. Өзіміз оқып, білім алған Абай атындағы мектепте басқосу ұйымдастырылып, сыныптастар жолықтық. Осы басқосуда сөз алған Нұрсұлтан Әбішұлы әрқайсымызға жеке-жеке тоқталып, 34 жыл өтсе де ұмытпағанын, осы кештің үлкен әсерге бөлегенін толқыныспен айтқанын ұмыту мүмкін емес.
1996 жылы Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығы мерейтойында біздер Елбасымен тағы кездестік. Білесіздер, Жамбыл атамыздың мерейтойы ауқымды, барлық сән-салтанатымен өткізілді. Шет мемлекеттерден қонақтар шақыртылып, еліміздің түкпір-түкпірінен халық өте көп жиналды. Арасында сыныптастары да бармыз. Дүбірлі шара басталысымен жүргізушілер Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың келгенін жария-
лады. Жиналған халық нөпірі ол кісіні қоршап, қолын алуға, алғыстарын айтуға жақындай берді. Елбасы риза кейіпте, өзіне деген ілтипатын қабыл алып, созылған қолдарды қайтармауға тырысты.
Сол сәтте мен де: «Сұлтан!» – деп дауыстап едім, ол жалт бұрылып қарады. Көптің арасынан тани қойды. Қасыма келіп, амандасып, жағдайымды сұрады. Сонша адамның ортасында көкейдегі сұрақтарымды айтып тұрмаймын ғой: «Бәрі жақсы. Рақмет!» – деп жауап бердім.
1999 жылы 9-қаңтарда референдум болса, одан екі күн бұрын Нұрсұлтанмен 15-16 сыныптас Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ұзынағашта бас қосып, жолыққан жайымыз бар. Бұл басқосуға Елбасының қарындасы Әнипа да келді. Еркін отырыс болды. Сонда Сұлтан: «Жігіттер, қыздар, сіздерге рақмет! Өздеріңізбен сирек кездескеніме реніш білдірмеңіздер. Менің үнемі іс-сапарда жүретініме түсіністікпен қарап, қолдап отырасыздар. Білем, әрқайсыңыздың көкейіңізде сұрақ көп. Қойғыларыңыз келеді, бірақ менің көңіліме қарайсыз-
дар. Жақсы көңіл-күймен шығарып салып, бәрі дұрыс дегеннен басқа ештеңе айтпадыңыздар. Алғысым үлкен. Ризамын!» – деді.
Осындай кездесу 2015 пен 2019 жылы болды. Бес жыл бұрынғы жүздесуде дастархан басында мен Елбасыға жыр оқып берген едім.
Ал енді өткен жылғы Шымкент қаласындағы сыныптастардың бас қосуына тоқталсам деймін. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты жобасы негізінде ұйымдастырылды. Бұл шара керемет ұйымдастырылыпты. Шымқала өте көрікті екен. Адамдарын айтсаңызшы, пейіл-парасаты мен ықыластарына тәнті болып қайттым. Шым шаһардың көрнекті жерлері, Бәйдібек би ескерткіші, дендросаябақ, Қошқарата кесенесі, Қошқарата өзені, «Қасірет» мемориалы, Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейі, Әдет-ғұрып және салт-дәстүрлер орталығы – бәрі-бәрі ұнады.
Отырар ауданындағы, Түркістан қаласындағы жолсапарымыз тіпті әсерлендірді. Ауа райы мен адамдарының мінез үйлестігі келіскен өңірдің басшылары біздерге бар жақсысын таныстырып, құрметтеді. Өз атымнан және сыныптастар атынан әуелі сыныптасымыз Розаға сосын осы жолсапарды ұйымдастыруға
қол ұшын созған барша жандарға алғыстан басқа айтарым жоқ.
Кеңес БАЙБОСЫНОВ,
Елбасы сыныптасы.