ЕЛБАСЫ — «АРАЛДЫ ҚОРҒАУ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОРЫН ҚҰРУШЫ
Арал теңізіндегі экологиялық дағдарыс көптеген көрсеткіштері жағынан Орталық Азия аймағынан асып, планетарлық сипат алды. Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етті. 1993 жыл 4 қаңтар — Ташкентте Орталық Азия мемлекет басшыларының кездесуі барысында, Қазақстан Республикасының Президентінің ұсынысымен тараптар «Аралды қорғау» халықаралық қорын құру туралы шешім қабылдады.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Тоқтар Әубәкіровке үлкен міндетті сеніп тапсырып, «Сен елің үшін ұшу керексің» деп ғарышқа аттандырады. Әлемнің 300-ден аса ғалым мен мамандары бас қосып, арнайы бағдарлама әзірлейді. Ол бойынша тартылған Аралдың экологиялық жағдайын ғарыштан зерттеу назарға алынады. Сөйтіп ғарыштан Арал аймағы фотоға түсіріліп, ондағы тұздың солтүстік мұзды мұхитқа қарай ұшатыны анықталған.
ХАҚҚ құрылтайшылары — Орталық Азия елдерінің басшылары Қызылорда қаласында Саммитте бас қосып, Арал теңізі және Арал маңының экологиялық сауықтырылуы мен аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бірлесе қызмет ету туралы мәлімдеме қабылдады.
Қордың негізгі міндеті — халықаралық қауымдастықтың қолдауымен Арал теңізі бассейнін экологиялық сауықтыру мен аймақ тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық деңгейін көтеру мәселелері бойынша бірлескен нақты істер мен бағдарламалық жобаларды қаржыландыру. Арал дағдарысы салдарларымен күресті Халықаралық Аралды құтқару Қоры үйлестіріп отырады. Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен, Экологиялық бағдарламасымен, ЮНЕСКО, Бүкіләлемдік Банк, Азия Даму Банкі, сонымен қатар Германия, Дания, Израиль, Канада, Нидерланд, Ақш, Швейцария, Швеция және басқа да донор елдер үкіметтерімен біріге отырып, ХАҚҚ аймақтың әлеуметтік және экологиялық проблемаларын шешуге бағытталған түрлі жобалар мен бағдарламалар жүргізіп келеді.
ҚР Үкіметінің Кешенді Бағдарламалары мен Арал теңізі бассейнінің Бағдарламасы аясында Арал теңізі бассейнінің су ресурстарын бірлесе басқару тетіктерін қамтамасыз ету, экологиялық апат аймақтарын қалпына келтіру, тұрғындарды таза ауызсумен қамтамасыз ету, олардың денсаулығын жақсарту, кедейшілік пен жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселелері бойынша біршама жұмыстар атқарылды.
Арал маңының қазақстандық бөлігінде жалпы құны 85,8 млн. АҚШ долларын құрайтын «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» аса ірі ұлттық жобасы жүзеге асырылды. Арал теңізі бассейніндегі шекаралық өзендердің су ресурстарын бірлесе басқаруды ұйымдастырудағы шешілмей жатқан мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық, экологиялық жағдайлардың ушығуы Орталық Азия елдерін Арал дағдарысына қарсы күресте күш-жігерлерін біріктіріп, аймақтық қарқынды қызметтестікке мүдделі етуді мақсат ететін халықаралық ұйым осындай келелі істерді атқаруда үлкен рөл атқарды.
А.АСҚАР