ЕЛБАСЫ БАСТАМАСЫМЕН ӘЗІРЛЕНГЕН «ҚАЗАҚСТАННЫҢ КИЕЛІ ЖЕРЛЕР ГЕОГРАФИЯСЫ» ЖОБАСЫ
Әр халықтың, әрбір өркениеттің жалпыұлттық сипаттағы және осы халықтың әрбір өкілі білетін қасиетті жерлері бар. Бұл рухани дәстүрдің негіздерінің бірі. Қазақстан үшін бұл ерекше маңызды. Біз рухани бай тарихы бар кең елміз.
«Қазақстанның киелі жерлер географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің жанынан «Қасиетті Қазақстан» мамандандырылған ғылыми-зерттеу орталығы құрылды. Орталықта жалпыұлттық және жергілікті киелі орындарды анықтау мен өзектендіру жұмысымен айналысатын ғылыми-сараптамалық кеңестің 40 маманы бар. Кеңес жұмысына көрнекті ғалымдар, өлкетанушылар мен Қазақстанның қоғам қайраткерлері қатысады.
Арнайы жоба басталғалы бері бүгінгі күнге дейін жалпыұлттық маңызы бар қасиетті нысандардың тізіміне 205 нысан (оның ішінде 23 тарихи-мәдени ескерткіштерде ғылыми-реставрациялық жұмыстар аяқталды) және жергілікті маңызы бар нысандар тізіміне – 575 нысан енгізілді. Киелі нысандарды толық визуализациялау qazmaps.kz виртуалды карта платформасында қол жетімді.
Бұл доменде жалпыұлттық киелі объектілердің 3D-турлары бар виртуалды карта (саны 100 дана) және аймақтық киелі объектілердің интерактивті картасы (саны 500 дана) жүктелді. Сондай-ақ, биыл аталмыш карталар қосымша толықтырылатын болады.
Қасиетті нысандарды таныту мақсатында үш жыл ішінде жалпыұлттық маңызы бар 28 киелі нысан 3D форматына өткізілген. 2020 жылы 3D-түсірілімі бар көпсалалы виртуалды картаны жаңа 85 нысандармен толықтыру жұмыстары жүргізілуде.
Бағдарлама аясында «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының үш томының тұсаукесері өтті. 2020 жылы IV томының тұсаукерсері жоспарлануда. Қазіргі уақытта энциклопедияға материалдар жинау жұмыстары аяқталды. Энциклопедияның IV томында ШҚО, СҚО, Павлодар киелі нысандары бойынша толық мәліметтер қамтылған. Энциклопедияны жарыққа шығару жөнінде өңірлердегі өлкетанушылармен қашықтықтан жұмыстар жасалынып, жиналған материалдар сұрыпталды. Сондай-ақ, «Қоңыр әулие үңгірі — киелі орын» атты кітабының қазақша және орысша мәтіні жинақталуда.
Сонымен қатар, 2020 жылы «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасын жүзеге асыру мақсатында келесі жұмыстар атқарылды:
- Мектеп оқушыларына, студенттерге, экскурсия жүргізушілерге және туристерге арналған 10 оқу-әдістемелік құрал әзірленді. Құралға туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы аясына енген ТОП-10 және ТОП-50 туристік нысандары, сондай-ақ еліміздің жалпыұлттық және өңірлік қасиетті нысандары негізге алынды;
- «Қазақстанның заманауи мәдениетіндегі қасиетті кеңістік: дәстүр мен жаңашылдық» жобасы аясында Қазақстанның қасиетті нысандары мен аумағын зерттеу бойынша далалық экспедицияларға қатысушылар үшін әдістемелік нұсқаулық (қазақша-орысша) әзірленді. Қазақстанның қасиетті кеңістігін зерттеудің далалық этнографиялық бағдарламасы дайындалды. Далалық этнографиялық, фольклорлық және археологиялық экспедициялардың Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан облыстары бойынша маршруттар даярланды. Сонымен қатар, жоба қатысушылары әртүрлі халықаралық және мемлекеттік басылымдарға 31 жарияланым әзірледі.
- Ұйымдастырылған іс-шаралар:
— 2020 жылдың 2 мамырында киелі кеңістікті құрастыру және өндіру тарихын, дәстүрлері мен заманауи тәжірибелерін талқылау мақсатында «Қасиетті география: қасиеттілік мәдениеті мен кеңістікті құрылымдау әдістерін зерттеудің көпсалалы тәсілдері» халықаралық онлайн-конференциясы ұымдастырылды.
Конфенцияға отандық ғалымдармен қатар Гучинова Э-Б. (Армения, Ереван), Ларина Е.И. (Ресей Федерациясы, Мәскеу) сынды шетелдік ғалымдар қатысты;
— «Қасиетті жерлер – рухани қалқанымыз» тақырыбында кездесу мен «Қазақи сананың қасиеті» атты дәріс елдегі төтенше жағдайдың орын алуына байланысты онлайн форматында өткізілді.
- Барлық мұражай-қорықтарының аумағында Визит-орталықтардың құрылысы жүріп жатыр. 2020 жылдың І жартыжылдығында Қарағанды облысында жалпы соммасы 546,0 млн. теңгені құрайтын «Ұлытау» визиторталығы құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Гаухар-ана («Әзірет Сұлтан» музей-қорығы) визит-орталығының құрылысы басталды. Бірінші кезекте визит-орталықтар туристерге қолайлы жағдай ұйымдастыру үшін ғылыми, мәдени, ақпараттық орталықтар ретінде пайдаланылатын болады.
Сондай-ақ, имидждік туристік өнімді жасау үшін өңірдің бренді ретінде тарихимәдени және табиғи ресурстарды пайдалана отырып, жергілікті жердің мәденитуристік кластерін дамытуға жәрдемдеседі.
- 2020 жылы республиканың маңызды мәдени және тарихи 44 ескерткішіне ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізілді:
— «Отырар» қалашығының қалпына келтіру жобасының тұжырымдамасы әзірленді. Осы жылы ескі қалашықтың 10 нысанына, атап айтқанда, Отырар қалашығының Солтүстік және Оңтүстік қақпаларын, ежелгі тұрғын кварталдарын, мешіттерді, шығыс моншасын, қыш шеберханасын, магистральды көшелер мен қалашықтың бекініс қабырғаларын қайта жаңғырту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
— Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының 17 объектісінде қарқынды жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің бас күмбезі жаңартылып, оның ішкі Қазандық, Құдықхана, Ақсарай бөлмелерінде әрлеу жұмыстары жүргізілді.
— Ясы қалашығының басты магистралды көшесі Жеті қақпа мен Кесене аралығында археологиялық жұмыстар барысында толық ашылып, сол заманның тұрмысын көрсететін тарихи объектілер қалпына келтірілуде.
— Жұма мешіті, Қылует мешітінің аумақтары тарихи келбетке ие болды. Атап айтқанда, тарихи ұстындар, суреттер қалпына келтірілді. Хан мешітінің бас күмбезі майоликамен апталып, ішкі құрылысы бойынша михраб қалпына келтірілді, тиісті ою-өрнектермен безендірілді.
Сондай-ақ, осы аумақтағы шілдехана, сегіз қырлы кесене, Есім хан кесенесі, Шығыс моншасында ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілді.
— Солтүстік, Батыс өңірі және Нұр-Сұлтан қаласының мәдени-туристік кластерін дамыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігімен 3 республикалық музей-қорығын құрылды. Олар: елордадағы ежелгі қалашық негізінде «Бозоқ», қазақ жерінде салт-дәстүрлер пайда болған жерде «Ботай» және Қазақ хандығының ежелгі астанасы базасында «Сарайшық».
Жалпы МСМ жоспарына сәйкес, биыл еліміздің тарихында маңызды орын алатын Ақтөбе (Степнинское), Сарайшық, Сығанақ, Алтынасар сияқты ерте замандық, ортағасырлық қалашықтарда, Ақыртас сарай кешенінде, Бекет ата жер асты мешіті мен басқа да объектілерде ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жұмыстар алдын-ала әзірленген ғылыми-жобалау құжаттамалардың негізінде жүзеге асырылуда. Атқарылған жұмыстар объектілерінің техникалық жағдайларының сақталуын қамтамасыз етумен қатар, олардың туристік тартымдылығын арттырып, ерекшіліктерін танытуға бағытталған.