ЕЛБАСЫ. ЕЛ ТӘУЕЛСІЗДІГІ. ЕЛ ЕРТЕҢІ.

Тәуелсіздіктің бастауында болған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ел ертеңін айқындады. Елбасы. Ел тәуелсіздігі. Ел ертеңі. Үш сөз. Бір-біріне етене жақын, бір-бірін толықтыратын, өзара сабақтас сөздер.

Тәуелсіздік десек, ең алдымен оның бастауында болған, оны нық сеніммен алға апарған, тәуелсіз ел мемлекеттілігінің негізін қалаған Елбасы ойға келеді. Елбасы десек, қиын-қыстау кезеңде елді басқарып, оны бар қиыншылықтан алып шығып, бүгінгі өркенді дамуға жеткізген Елбасы мен ел ертеңі тағы да алдымыз-
дан шығады. Ел ертеңі де өз халқы Елбасы деп атаған Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басшылығын одан әрі қолға ұстауымен байланыстырылады.

Елбасының, Ұлт Көшбасшысының еңбегі мен беделін оның еткен қызметін баяндау және ол туралы басқалардың ой-пікірін жеткізу арқылы да бағалауға болады. Қазақстан халқы Елбасының еңбегін осылай бағалайды.

Елдің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын және өркенді дамуға серпін беретін реформаларды жедел де тиімді жүргізу үшін және бұл мақсатқа жетуде бірінші кезекте халықтың қолдауына ие болатын қабілетті де күшті тұлғаның қажет болатындығын тарих парақтары әлдеқашан дәлелдеген. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұндай тұлға болды және алдағы уақытта да қажет. Сондықтан Елбасы, ел тәуелсіздігі, ел ертеңі ұғымдарын қастерлей де, қолдай да білуіміз парыз етіледі. Бұл біздің ұрпақтарымыздың болашағы үшін қажет.

Өзіміздің ел тәуелсіздігінің тарихы және Елбасының ел егемендігіндегі рөлі жөніндегі ойымызды қорыта айтқанда, аз ғана уақытта Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен елімізде экономикалық, әлеуметтік, құқықтық және саяси түбегейлі өзгерістер жүзеге асырылғандығын бөле-жара атап көрсету қажет. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Елбасы белгілеген және батыл жүргізген бағыт өзін-өзі ақтады және алдағы уақытта да өміршең болатындығын дәлелдеп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізген бұл саясаты мен бағытын қазіргі уақытта «Қазақстанның даму жолы» ретінде дүние жүзі қауымдастығы мойындады. Қазақстанның Тәуелсіздігі мен Елбасы еңбегінің бір-бірімен тығыз ұштасып жатқандығын, олардың бір-бірімен ажырағысыз егіз ұғым екендігін ақиқат есебінде тарих алдымызға тартып отыр.

Ғабит ПОЛАТОВ,

Мақтаарал аудандық тұрғын үй-коммуналдық, шаруашылық,

жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы.