ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ. ӘЛЕМДІК ДІН ӨКІЛДЕРІНІҢ БІРІНШІ БАСҚОСУЫ
Ә дегеннен бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, сыртқы ықпалдастықта достық қарым-қатынасты мығым ұстана білген Елбасының еліміз жайлы оң көзқарас қалыптастырудағы еңбегі ерен. Сол сәтті дипломатияның жемісіндей халықаралық деңгейдегі Қазақстанның имиджі арта түсті. Орталық Азия өңіріндегі қазақстандық көшбасшылық мойындалды. Басқа көршілерге қарағанда инвестиция тартымдылығы ғана емес, халықаралық басқосудың Астана төрінен таусылмауы да осындай беделдің қалыптасуынан болғаны рас.
Атап айтсақ, бейбітшілік пен дінаралық, этносаралық татулыққа озық үлгі болатын ел ретінде танылып үлгерген ресми Астана өз ұстанымын халықаралық деңгейде одан әрі нығыздай түсу үшін «Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын» өткізді. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің біріне саналары анық. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік аренадағы беделінің арқасында, оның шақыруын әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері асқан ризашылықпен қабыл алды. Сөйтіп Астанада тұңғыш рет әлемдік дін лидерлері бір дастарқанды жағалай отырып, бас қосты, пікір алмасты.
Тұңғыш құрылтайдың нәтижесі де жаман болмады, дін басылары «бәріміздің жаратушымыз бір, олай болса өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап бәріміздің бейбіт қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды. Әрбір дәстүрлі дін жетекшісі өзі табынатын жаратушыдан Қазақстанға, оның халқына қолдау көрсетуін тілеп дұға жасады. Бәйтеректің ұшар басына бірге шығып бейбіт өмір сүруге, қатар жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты. Нұрсұлтан Әбішұлының осынау көреген бастамасы жалғасын тауып, Әлемдік және дәстүрлі діндердің құрылтайы Қазақстан астанасында ұдайы өткізіліп тұратын болды. Оны ұйымдастырушы халықаралық жұмысшы тобы және арнайы кеңес құрылды. Сонымен бір мезгілде, Қазақстанның сыртқы саясаттағы қарым-қатынасы да қарышты дамыды.