ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ — «БЕЙБІТШІЛІК КІНДІГІ»

Тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігін құру және нығайту тарихының маңызды дерек көздерінің бірі, Елбасының 2001 жылы Астана қаласындағы “Елорда” баспасынан жарық көрген “Бейбітшілік кіндігі” атты еңбегі. Кітаптың алғы сөзінде автор: “Адамдар ядроның энергиясын басқаруды үйреніп алды, бірақ өзін басқаруды үйрене алған жоқ. Адамдар адамға сенуден қалды, бірақ ядролық күшке сеніп алды… Адамның мұндай сенімінің ақыры немен тынады? Адамзат өзіне деген сенімге қашан оралады. Бұл “ядролық” құндылықтарды танудың шегі мен оны қайта бағалаудың рецептері туралы кітап емес. Бұл кітап – күштің парасатқа өктемдігінің күшейе түскен қатері мен адамзаттың “ядролық” қауіпсіздік формуласын қинала іздестіруі туралы толғам-кітап”-деп жазған.

Демек, кітап еліміздің ядролық қауіпсіздігі мәселесіне арналған. Ол біздің тарихи тағдырымыздың ерекшелігінен туындаған мәселе. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарының басында әлемге Қазақстан тек жаңа тәуелсіз мемлекет ретінде ғана белгілі болып қойған жоқ, сонымен қатар ядролық қаруы бар жаңа мемлекет ретінде де белгілі болды. Тағдырдың тәлкегімен, тәуелсіздік бізге жойқын қуаты бар, көптеген елдердің қолы жетпей жүрген, ядролық қарумен қоса келді. Ел алдында, Елбасы алдында тек жаңа мемлекеттің іргесін қалау ғана емес, сол мемлекеттің қауіпсіздігі үшін ядролық қарудан құтылу міндеті де тұрды.

Кітаптың пайда болуының объективтілігі ядролық қару мәселесімен тікелей байланысты. Ол туралы Н. Назарбаев “Семсерлер мен соқалар” деп атаған кітаптың прологында: “Қазақстан ядролық қарудан бас тартты. Уақыт біздің таңдауымыздың кемеңгерлігін қуаттады. Бұл жөнінде бүкіл адамзатқа айтып беру керек те, қажет те және мұны сөз иесінің өзінен білген абзал. Осынау ақ жарылып, сыр айтар кітап осылай туды”-деп, кітаптың дүниеге келу себебін анық айтқан. Кітаптың бірнеше әлемдік тілдерге аударылуы әлем тарихында Қазақстанның бірінші болып ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан ел екендігін “бүкіл адамзатқа сөз иесінің өзінен білуге” мүмкіндік берді.