ЕЛБАСЫ ЕҢБЕГІ: ҰЛТ ЖАДЫН ЖАҢҒЫРТҚАН
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылы жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты көлемді еңбегінің 283-бетінде: «2003 жылдың сәуіріндегі Жолдауымда мен ұлттық мәдени мұраны жаңғыртуға, зерттеуге және жинақтауға байланысты арнайы бағдарлама жасауды тапсырдым. Екі жылға жоспарланып, «Мәдени мұра» деп аталған мемлекеттік бағдарлама 2004 жылдың қаңтар айында жұмысын бастап кетті», депті.
Расында, Елбасының бастамасымен қолға алынған осынау құнды бағдарламаның арқасында еліміздің руханияты мен тарихы түгенделіп, аса ауқымды жобалар іске асты. Аталған жоба Қазақстан халқын әлемге танытып қана қоймай, қазақстандықтардың өзін-өзі тереңірек тануына жол ашып берді. Ғасырлар бойы бұғатталып жатқан халықтың тарихи жады осы бағдарламаның арқасында тың мағлұматтармен толықты.
Жырақтан жеткен жәдігерлер
Жоғарыда айтқанымыздай, тәуелсіздік жылдарындағы аса ірі рухани іс-шара – «Мәдени мұра» бағдарламасын кәсіби деңгейде жүзеге асыру үшін, ең әуелі 2004 жылы – Үкімет жанынан «Қоғамдық кеңес» құрылып, Бағдарламаның Тұжырымдамасы әзірленген еді. Осы құжатта көрсетілген маңызды шараның бірі – қазақ халқының мәдени мұрасы мен тарихына қатысы бар маңызды қолжазбаларды, жәдігер басылымдарды, кітаптар мен мұрағаттық құжаттарды іздеп тауып, сатып алу үшін алыс және жақын шетел мұрағаттары мен кітапханаларына ғылыми-зерттеу экспедициялары ұйымдастырылды.
Бұл іс өте нәтижелі болды. Бағдарлама шеңберінде алғашқы екі жылда Қытай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Батыс Еуропа елдерінің мұрағаттары мен кітапханаларынан 5 мыңға жуық Қазақстанның өнері, тарихы, этнографиясы туралы қолжазбалар мен басылымдар табылды. Атап айтар болсақ, ҚХР тарихи мұрағаттарынан шағатай, манжур, ойрат, моңғол және қытай тілдерінде жазылған Қазақстан тарихы мен мәдениеті жөнінде айрықша маңызы бар 3500-ге жуық құжат елімізге жеткізілді. Бұл құжаттарда қазақ хандары мен сұлтандары өзге мемлекеттер: Қытай, Қоқан, Хиуа, Қырғыз хандықтарымен ресми хат-хабар алмасқаны жайлы құнды мәліметтер сақталыпты.
Сонымен қатар Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы еліміз үшін тарихи-мәдени құндылық болып саналатын жазба ескерткіштерді тауып, жинау мақсатында Лондондағы Британдық кітапханаға, Париж, Мадрид, Севилья, Флоренция және Берлин Ұлттық кітапханаларына, Францияның Сыртқы істер министрлігінің дипломатиялық мұрағаты мен Ватикан құпия мұрағаттарына ғылыми-іздестіру экспедицияларын ұйымдастырды. Нәтижесінде, еліміздің ғылыми ортасына беймәлім 77 қолжазбаның көшірмесі мен 200-ге жуық баспа өнімдері табылды. Олардың арасында Папа Урбан IV-нің Құлағу ханға жазған хаттары, Ватикан папалары мен Алтын Орда хандарының өзара жазысқан хаттарының көшірмелері, «Ас-сахат-Таурих» (Жалпы тарих, 1440 ж) қолжазбасы, т.б. бар.
Бұлардың сыртында Арменияға ат басын бұрған мұрағаттар жөніндегі ғылыми сарапшылар Мащтоца-Матенадаран атындағы ғылыми-зерттеу институтынан, сонымен қатар Ұлттық мұрағат пен Харич қаласындағы Қыпшақ монастрі мұрағатынан ХІV-ХV ғасырларға тән қыпшақ қолжазбаларын тапты.
Археологиялық артефактілер саны артты
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған іргелі шаруаның бірі – археологиялық қазба жұмыстары. Нәтижесінде, еліміз көлемінде 26 ғылыми-қолданбалы, сонымен қатар 40-тан астам археологиялық зерттеулер жүргізіліп, ата-бабаларымыз тарихынан мол мағлұмат беретін мыңдаған артефактілер айналымға енді. Сөйтіп, қазіргі Қазақстан жерінде өмір сүрген ежелгі көшпелі һәм отырықшы халықтардың сәулет өнері, құрылыс ісі, жерлеу дәстүрі, діни-мифологиясы жайлы құнды материалдар жарыққа шықты. Бұл дүниелер тарихымыздың аса маңызды заттық мұрасы ретінде танылды.
Яғни «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы іс-шараларын жүзеге асыру мақсатында Қазақстан аумағындағы 30-ға жуық қалашыққа, қоныстар мен қорғандарға археологиялық зерттеулер жүзеге асырылды. Атап айтқанда: Ақмола облысындағы Бозоқ, Алматы облысындағы – Есік, Талғар және Қойлық, Атырау облысындағы – Сарайшық, Оңтүстік Қазақстандағы – Отырар, Сауран, Шымкент, Қараспантөбе, Жуантөбе, Шығыс Қазақстандағы – Шілікті, Берел, Жамбылдағы – Ақыртас, Қарағанды өңіріндегі Тоқтауыл, Айбас, Кент, Талдысай, т.б. нысандар зерттелді.
Жоғарыдағы зерттеу барысында тарих ғылымы Ұлы дала тарихынан сыр шертетін мол олжаға кенеліп, мыңдаған артефактілерге ие болды. Әсіресе, сақ қорғандарынан қазып алынған құнды әшекей заттар: ат әбзелдеріне салынған қыран, стильдік өрнек, сфинкс бейнесі (б.д.д ІV–ІІІ ғ.ғ) ерте көшпелілер мәдениеті туралы тың мәлімет берсе, Шығыс Қазақстан облысындағы Берел қорғанынан «Сібір – сақ аң стилі» (б.з.д. V-III ғ.ғ.) өнеріне жататын мыңнан астам алтын бұйымдар табылды. Осылардың ішінен толық әбзелді жылқы бейнесі қайта жаңғыртылып, ол қазір Нұр-Сұлтан қаласындағы Ұлттық музей экспозициясының төрінде тұр.
Сонымен қатар Шілікті обасындағы сақ патшасы табытынан алынған 4 мыңға жуық тұрмыстық алтын әшекей бұйымдардың жасалу ерекшелігі ғалымдардың пайымдауынша, әлемнің ең үздік мәдени нұсқалары қатарына жатады екен.
Аталған археологиялық жобаға, елімізге танымал белді оқу орындары – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, Қарағанды, Павлодар, Көкшетау, Қостанай мемлекеттік университеттері де ат салысып, олар еліміз аумағындағы 30-ға жуық қалашықтар мен қоныс-қорғандарда археологиялық зерттеулер жүргізді.
Мәдени ескерткіштер екшелді
«Мәдени мұра» бағдарламасын жүзеге асыру үшін таңдап алынған бес бағыттың алғашқысы – еліміздiң маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қайта жаңғырту һәм сараптау ісі болатын. Өйткені кеңестік дәуірде еліміз көлемінде 25 мың ескерткіш мемлекет қорғауына алынған екен. Бұл тізімде қаптаған Ленин ескерткіштері, революционерлер мүсіндері, олар тұрған үйлер, ғимарат қабырғаларындағы мемориалдық тақталар секілді уақыт тұрғысынан құны кеткен дүниелер көп еді. Ең әуелі, осыларды сұрыптау үшін елімізде тұңғыш рет моралдық жағынан ескірген ескерткіштерге түгендеу жүргізілді. Ескерткіштердің республикалық және жергілікті маңызы бойынша жаңа тізімі ғылыми тұрғыда мұқият сарапталды, азат сана тұрғысынан екшеліп қайта түзілді.
Яғни жұмыс тобы Бағдарламаға басыбайлы кірісер алдында республикалық маңызы бар тарихи-мәдени кесенелердің баршасына сараптама жүргізді, олардың жалпы тізімі жасалды. Соңынан осы тарихи нысандардың ішінен бірінші кезекте көңіл бөліп, қолға алатын объектілер іріктелді. Сөйтіп кесенелердің қайсысын қалпына келтіру, қайсысын жаңғыртып, реставрация жасау керектігі анықталды. Осы сараптама жұмыстарымен қоса, археологиялық қазба зерттеулерін реттеу, шетелдерге тарихи-этнографиялық экспедициялар кестесі жасалды.
Бұл арада айта кетерлік дүние, Бағдарлама қабылданғанға дейін халқымыздың ежелгі тарихына қатысы бар біршама мәдени-тарихи ескерткіштер қайта жөнделіп, жаңғыртылды. Олардың ішінде – Қожа Ахмет Ясауи, Арыстан баб, Айша Бибі, Жошы хан, Бекет ата, Қараман ата жерасты мешіттері, Баласағұн, Ақыртас сарай кешендері, Сауран, Сығанақ қалашықтары, Бөкей Ордасы кешені, т.б.
Оның сыртында, Бағдарлама аясында ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұрасына» енетін әлеуетті нысандардың дерекқорын жасау жұмысы жүйелі қолға алынды. Бұл тізімге бұған дейін Ясауи мен Тамғалы ғана енген болатын. ЮНЕСКО-ның бұл әлеуетті мұралар нысанына келешекте Отырар, Ясы – Түркістан қалашығы, Меркедегі көне түркілердің қасиетті мекені, Ешкіөлмес петроглифтері, Қаратаудағы палеолит ескерткіштері, Арпа – Өзен петроглифтері, Беғазы – Дәндібай мен Тасмола мәдениеті, т.б. енгізілді.
Осындай үлкен еңбектің нәтижесінде бүгінгі таңда ЮНЕСКО-ның «Әлемдік мұралар» мәртебесіне еліміздің 10 нысаны еніп отыр. Олар – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Таңбалы петроглифтері, «Жібек жолы» бойындағы Талғар, Қарамерген, Қойлық, Ақыртас, Құлан, Мерке, Өрнек, Қостөбе қалашықтары.
Сонымен қатар Бағдарламаның аясында: Жидебай – Бөрілі, Әзірет Сұлтан, Берел, Бозоқ, Ботай, Есік, Ежелгі Тараз, Ордабасы, Отырар, Сарайшық, Таңбалы, Ұлытау, т.б. қорық-музейлер жөнделіп, біршама маңызды нысандар қорық-музейлер ретінде жаңадан дүниеге келді.