ЕЛБАСЫ — ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ ҚҰРУШЫСЫ

2000 жылы 10 қазанда Астанада ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалық етуімен Кедендік одаққа қатысушы елдер — Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан Мемлекетаралық кеңесінің кезекті мәжілісі болды. Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды.

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) — одақтас елдердің келешек тағдыры жаңа арнаға бұрылған маңызы зор тарихи кезең. Ол ортақ экономиканың болуы мен оған қатысушылардың ынтымақтасу еркіне негізделген жаңа еуразиялық жақындасу орталығының қалыптасқанын паш етуде. Еуразиялық экономикалық одақ — тауар мен қызметтің, капитал жəне жұмыс күшінің еркін айналымына жəне экономиканың негізгі салаларында келісілген саясатты жүзеге асыруға кепілдік беретін ұйым. 2014 ж. 20 мамыры Астана қаласындағы маңызы зор тарихи оқиғаның орын алуымен ерекше есте қалды. Тəуелсіз Қазақстан алғаш рет тауарлардың, қызмет көрсетулердің, еңбек ресурстары мен капиталдардың еркін қозғалысын қамтамасыз ететін аймақтық экономикалық интеграциялық одақтың бір бөлігіне айналды.

Еуразиялық экономикалық одақ жастардың академиялық мобильдігінің шынайы мүмкіндікке айналуына, сондай-ақ ішкі нарық сыйымдылығының кеңеюіне ықпал етеді. Еуразиялық экономикалық одақтың біздің одақтас елдеріміздің мəңгілік достығының өзара іс-қимылы мен тату көршілігінің берік тетігімі екендігі айқын. Мұнда Ресей, Беларусь жəне Қазақстан мемлекеттері өзара іс-қимылдың мүлде жаңа деңгейіне өтеді: тауарлар, қызметтер, капиталдар мен жұмыс күші еркін қозғалатын ортақ кеңістік құрады. Үштік мемлекеттері экономиканың энергетика, өнеркəсіп, ауыл шаруашылығы жəне көлік секілді негізгі салаларында келісілген бірыңғай саясат жүргізеді. Ресей Президенті В.Путиннің айтуынша, 170 млн астам халқы бар ТМД кеңістігінде өндірістік, ғылыми жəне техникалық əлеуеті зор, табиғи ресурстары орасан мол, бірыңғай нарық құрылмақ.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта халықаралық ұйымдарға тəн базалық аспектілер, мемлекеттердің егеменді теңдігі, аумақтың тұтастығы, сондай-ақ Одаққа мүше-мемлекеттердің саяси құрылымының ерекшелігін құрметтеу қағидаттары көрініс тапқан. Сонымен қатар шарт Қазақстан, Ресей жəне Беларусь азаматтарының əл-ауқаты мен тұрмыс сапасын арттыру мəселелерін шешуге бағытталған жəне тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күшінің еркін қозғалысын үйлестіруге қатысты экономикалық саясат жүргізуді де ұстанған.

Еуразиялық экономикалық одақтағы елдердің ұстанымдары:

  • экономикалық тиімділік;
  • еуразиялық кеңістіктің ашылуы;
  • дамудың сатылы жолдары;
  • егемендікті сыйлау;
  • ерікті қарым-қатынас;
  • шешім қабылдаудағы теңдік.

Жалпы алғанда, келешектегі интеграциялық тиімділік 2030 жылға қарай ЖІӨ-ң жиынтық өсімі 900 млрд доллар көлемінде болатындығымен бағаланып отыр. Атап айтқанда, соңғы бес жылда Қазақстанның Кеден одағына қатысушы елдермен арадағы тауар айналымы 88 %-ға өсіп, 24 млрд долл. мөлшерге жетті. Қазірде еуразиялық интеграция жөніндегі серіктес мемлекеттерге біздің экспортымыз 63 %-ға ұлғайып, 6 млрд долл. құрады. Бұл көрсеткіштерге негіз болатын көптеген кəсіпорындар мен компаниялар, қазақстандық, беларусьтік жəне ресейлік серіктестермен арадағы өзара іс-қимылдық жаңа желілер тұр. Бұл — мыңдаған жаңа жұмыс орындары, тұрақтылық жəне өзіне тиімді жаңа өткізу нарықтарын ашқан Қазақстан бизнесі табыстылығы өсуінің басты көзі.