ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ
Аз ғана уақыттың ішінде әлем таныған, талайлар тамсанған, саяси-экономикалық, мәдени-рухани орталыққа айналып үлгерген бас қала жөнінде көп айтуға болады. Әсіресе, қаладағы заманауи үлгідегі ғимараттар, демалыс алаңдары, халықтың игілігіне арналған әлеуметтік нысандар, айнадай жарқыраған көшелер және басқалар жөнінде талмай сөйлей бергің келеді. Ақорда, Сенат, Мәжіліс, Үкімет үйлері, «Бәйтерек», Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр», «Астана арена», «Астана Опера» театры, «Қазақстан» концерт залы, Ұлттық музей, Назарбаев Университет, Елбасы кітапханасы және тағы басқалар болып тізбектеліп кете береді. Бұл ел астанасының саяси әрі рухани ірі орталыққа айналғанын анық аңғартады.
Бүгін біз жоғарыда аталып өткен ғимараттардың арасындағы Елбасы кітапханасына кеңірек тоқталмақпыз. Мақсатымыз – осынау әйдік те әсем, мән-маңызы жоғары, заманауи сәулет өнерінің озық үлгілерінің бірі санатындағы аталған нысанмен таныстыру. Аталған мемлекеттік мекеме Елбасының 2014 жылдың 13 наурызындағы «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасы» мемлекеттік мекемесінің кейбір мәселелері туралы» Жарлығымен құрылған-ды. Құрылтайшысы – Қазақстан Республикасының Президенті, өкілетті органы – Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі. Оны құрудағы ниет – Қазақстан Президентінің жеке кітапханасы мен жеке мұрағатының жұмысын ұйымдастыру, еліміздің қалыптасуы мен дамуын, осынау үдерістегі Тұңғыш Президенттің жетекші рөлін, оның жасампаздық-шығармашылық идеялары мен бастамаларының мазмұнын зерделеу және Елбасының бастамаларын ақпараттық-имидждік тұрғыдан ілгерілету.
Жалпы, Тұңғыш Президент кітапханасы Мемлекет басшысының орталығы болып тұрғанымен ерекше. Яғни, бұл мекеме кітапхана, мұрағат қызметімен тікелей айналысса да, қызметтік сипаты әдеттегі көпшіліктік кітапханалардан өзгеше. Өйткені, бұл нысан – Елбасының жеке кітапханасы, жеке мұрағаты. Президенттік кітапханалардың тарихына үңілсек, біздегідей тәжірибе АҚШ-та ғана, оның өзі бір-ақ рет орын алыпты. Билік басында отырған кезінде Франклин Рузвельт өзінің президенттік орталығын жасақтаған. Соның негізінде кейін оның есімімен аталған кітапхана-мұражай бой көтерген-ді. Елбасы кітапханасы орналасқан кешен – Астана қаласының мақтанышына айналған сәулеттік туындылардың бірі деп толық сеніммен айта аламыз. Ғимарат 2013 жылы британиялық танымал сәулетші Норман Фостердің жобасы бойынша салынған. Жалпы аумағы – 28 мың шаршы метрден астам. Ғимарат аспанға, яғни ұшар биікке ұмтылған көз жанары тәрізді. Ол өзіндік зәулім де қайталанбас сыртқы келбетімен Қазақ елінің қарыштап даму бағдарын, өмірлік жолын, қуатын көрсетеді. Мұнда Мемлекет басшысының қатысуымен аса ауқымды әрі зор маңызға ие халықаралық, республикалық жиындар өткізіліп тұрады. Мәселен, 2014 жылдың 11 қарашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» Жолдауын осы нысанда жариялады. Сонымен қатар, Елбасы биыл өткен Президенттік сайлаудың алдын ала қорытынды мәліметтерін партияластарымен бірге осы ғимаратта тыңдады. Осыған қарап, кітапхананың қазірдің өзінде-ақ тарихи маңызды нысанға айналғанын байқауға болады. Ғимараттың 1-қабатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке мұрағаты орналасқан. Ол Елбасының өмірбаяндық, шығармашылық материалдарынан, мемлекеттік және қоғамдық қызмет барысында жиналған құжаттардан тұрады. Жеке мұрағат қорында 127 мыңнан астам бірлік құжат жинақталған. Елбасы кітапханасының тағы бір ерекшелігі, онда Мемлекет басшысына сыйға тартылған экспонаттар да сақталады. Бүгін қорда 400-ге жуық экспонат бар екен. Олар – сыйлықтар, Елбасының жеке заттары, өнер өнімдері, раритеттер. Дәлірегі, мемлекет және үкімет басшыларының, бірқатар елдердің ресми өкілдерінің, халықаралық компаниялар мен ұйымдардың, атақты мемлекет, саяси, қоғам және өнер қайраткерлерінің Қазақстан Президентіне ресми сапарлары, іс-шаралар барысында берген сыйлықтары осында сақтаулы. Елбасы кітапханасының 2-қабатында экспозиция-көрме орналасқан. Мұнда «Әлемді өзгертетін идеялар» атты интерактивтік білім беру орталығы бар. Елбасы кітапханасының тақырыптық-интерактивтік бөлігінің негізгі өзегі – «Президенттік экспозиция». Бұл бөлімде Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғалық қасиеттері туралы жан-жақты мәлімет ұсынылған. Тұрақты экспозицияның міндеті – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының идеяларын көрсету. Ғимараттың 3-қабатында Елбасының жеке кітапханасы орналасқан. Елбасының еңбектері Қазақстанның дамуындағы елеулі оқиғаларды, мемлекетіміздің қарышты қадамдарын айқын көрсетеді. Экспозицияны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев туралы қазақстандық және шетелдік авторлардың кітаптары, сондай-ақ, еліміздің сыртқы саясатының қалыптасуы мен дамуы, шет мемлекеттермен дипломатиялық қарым-қатынастары туралы кітаптар жалғастырады. Мәдени мұраны сақтау – Мемлекет басшысының аса маңызды бастамасы. Сондықтан да экспозициядан «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша шығарылған кітаптар – «Бабалар сөзі», «Орыс, түрік, парсы, моңғол және қытай дереккөздеріндегі Қазақстан тарихы» ойып орын алған. Мұнда «Әлем әдебиеті» галереясы да бар. Елбасының жеке кітапханасы қорында Нұрсұлтан Назарбаевтың 1960-жылдардан бастап жинаған кітаптары сақтаулы. «Сирек қор» коллекциясында XVIII-XIX ғасырларда әр тілде жарық көрген сирек кітаптар қойылған. «Сыйға берілген кітаптар» топтамасын Елбасымызға әр жылдары көрнекті саяси және қоғам қайраткерлері тарту еткен басылымдар құрайды. Кітапханада оқырмандардың тынығып, демалуы үшін барлық жағдай қарастырылған.
Жолдыбай БАЗАР.