ЕЛБАСЫ ҚҰРМЕТІНЕ БӨЛЕНГЕН ҰСТАЗ

Шымкенттік жас өрендердің дарынын ашқан, ән әлемінің қыр-сырын терең бойлатқан Роза Амрина 30 жылдан бері музыка пәнінен сабақ беріп келеді. Саналы ғұмырын балаларға арнаған Роза апай бүгінде Абай атындағы №90 мектеп-гимназиясында еңбек жолын жалғастырып отыр.

Ұлағатты ұстаздың шәкірттері 1991-2011 жылдар аралығында Берлин, Прага, София, Париж, Стамбул, Анкара қалаларында өткен байқауларда өнер көрсетіп, Бас жүлде мен І орын лауреаттары атанды.

Ал, 2002 жылы шәкірті Ерден Жақсыбеков Американың Луизияна Штатында өткен «Золотая могнолия» байқауынан Бас жүлде алды. Осыған орай, үздік ұстаз ретінде Елбасының қабылдауында болып, арнайы Алғыс хат табысталды.

Еліміз тәуелсіздік алғаннан бүгінге дейінгі ұстаздың еңбектері аз емес. 1991 жылы «Еңбек ардагері», 1993 жылы Францияда өткен дүниежүзілік фольклорлык фестивальдің лауреаты, 2015 жылы «Ұлағатты ұстаз» төсбелгілерінің иегерінің өнерде де өзіндік орны бар. Ол «Жұлдызға жол» республикалық және халықаралық конкурстарының негізін салып, дарынды жастардың биікке өрлеу жолында қызмет еткен.

2013-2020 жылдар аралығында № 90 мектеп-гимназиясындағы 50-ден астам шәкірттері халықаралық байқауларда жоғары орындардан көрінді.

Роза Амринаның ерен еңбегінің арқасында Өмірбай Сағын Қазақстан атынан 2020 жылы Польшада өтетін «Junior Eurovision Song Contest» халықаралық ән байқауында қатысқан 684 үміткердің ішінен өткен 30 жас өнерпаздың бірі болды.

Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі