ЕЛБАСЫ МУЗЕЙІНЕН ЕЛ ТАРИХЫН ТАНИМЫЗ

Елорданың сол жағалауындағы Тұңғыш Президент – Елбасы музейі үш қабаттан тұрады. 2004 жылы ашылды. Президент Н.Назарбаевтың жеке мұрағаты мен кітапханасы, мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар басшыларының тартулары, Елбасының біргей марапаттар коллекциясы, жеке заттары, құжаттары көрермен назарына ұсынылып отыр.

Елбасының балалық шағынан бастау алып, еңбек жолынан сыр шертетін бөлімдер «Қазақстан мақтанышы» залындағы спорт саңлақтарының даңқты сәттерімен жалғасады. Бұл залдың ерекшелігі – мұнда кез келген адам интерактивті алаңда хоккей, бокс, велоспорт және ауыр атлетикадан жарыстарға қатысып, өздерін жеңімпаз ретінде сезіне алады. Оған қоса спорт сайыстарынан жеңімпаз атанған жан сол сәтін суретке түсіріп және оны электронды поштасына жолдай алады.

Музейдің макетін бүге-шігесіне дейін ойластырған отандық мамандар озық технологияларды пайдаланған. Мысалы, планшетті жәдігерге тақасаңыз болды, теңгенің бедерінде бейнеленген ұлттық таңбалар «тіріліп» кеткендей көрінеді. Елбасының сырт елдерге сапары, әлем мінберлерінен айт­қан мәлімдемелерін де осында тыңдауға мүмкіндік бар. Мәртебелі марапаттар, әуелі әріптес, сосын дос атанған саясаттағы саңлақтардың сыйлықтары. Тұтас бір қабырға – қынабы қалың қылыштар. Елбасы қолы қалт етсе қазақтың қара домбырасын күмбірлететіні бар, домбыра үні мұнда да үзілмейді. Музейдің электронды кітабы бар. Яғни оған келушілердің жылы лебіздері мен өтініштері қағаз бетіне емес, компьютерге тура түседі.

Музейге саяхат алдымен «Тұлғаның қалыптасуы» атты залдан басталады. Онда Елбасының отбасы, балалық шағы жайында ақпарат беріледі. Бұл залда Нұрсұлтан Назарбаевтың ата-анасының бейнелері қазақстандық қылқалам шеберлерінің туындыларында көрініс тапты. «Алатау баурайындағы балалық шақ» деп аталатын жанды картинада кішкентай Нұрсұлтанның балалық шағы тұтас символдық образға біріккен. Сонымен қатар, бұл залда классикалық экспозициялық шешімдер мен заманауи технологиялардың көмегімен Елбасының балалық кезі, мектеп жылдары, еңбек жолы, саяси қызметтегі кезеңімен танысуға болады.

Залдағы құнды әрі көне жәдігерлердің бірі − Бөлек батырдың дулығасы. Елбасының сегізінші атасы Қарасай батыр (1598-1674 жж), ал сол Қарасай батырдың жауынгерлік дәстүрлерін Бөлек батыр (1700-1785 жж) жалғастырды. Музейде 1729 жылы жоңғар ноянына қарсы жекпе-жекте жеңіске жетіп, иемденген Бөлек батырдың дулығасы ұсынылған.

 

«Президент жолы»

Бұл залға кіре бергенде тәуелсіздік нышандары орналасқан. Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың бастамасымен 1991 жылы Конституцияның жобасын дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Музейден бұл құжаттың алғашқы парақтарын көруге болады. 1991 жылы 1 желтоқсанда Қазақстан тарихында алғашқы бүкілхалықтық президент сайлауы өтті. Назарларыңызға Н. Назарбаевтың сайлауалды кампаниясының мұрағаттық құжаттары ұсынылған. Бұл сайлауда дауыс берушілердің 98,8%  Н. Назарбаевтың кандидатурасын жақтап, дауыс берді. Президент инаугурациясы 1991 жылы 10 желтоқсанда өтті.

«Стратег жолы»

Бұл залда ұсынылған әрбір материал тек қала туралы ғана емес, жалпы еліміздің болашағы туралы баяндайды. Мұнда әркімнің қолы жете бермейтін ақпаратпен танысуға болады. Мәселен, 2030 жылға дейінгі полицентрлік қаланы дамыту жоспары, жол тораптары, велосипед бағдары, сондай-ақ астананың ауысу тарихы, бас жоспарды құру туралы мәліметтер бар.

«Жаһандық көшбасшы жолы»

Бұл залдың оң және сол жақ бетінде Елбасының шетел басшыларымен кездесулерінен сыр шертетін фотогалерея орналасқан. Жер шарының макетінде Н. Назарбаевтың ядролық қарусыздану мен ғаламдық қауіпсіздік мәселелері туралы сөйлеген сөздері ұсынылған.

«Даңқ галереясы»

«Даңқ галереясы» залында Тұңғыш Президенттің жетекшілігімен жүзеге асырылған Қазақстанның жаһандық саясатының дәлелдері жинақталған. Зал периметрі бойынша дипломатиялық сый-сияпаттар, суық қару-жарақ коллекциясының бір бөлігі және 50-ден астам қоғамдық және жоғарғы мемлекеттік наградалар орналасқан.

Ел тарихы мен Елбасы еңбегін дәріптейтін Елбасы музейіне жайғасқан құндылықтар саны 11 мыңнан асады.