ЕЛБАСЫ СЫНЫПТАСЫ БОЛҒАНЫМЫЗ — БІЗ ҮШІН МАҚТАНЫШ

Нұрсұлтан Назарбаевты бәріміз де ең алдымен Тәуелсіз еліміздің басында тұрған тұғыры биік тұлға ретінде білеміз. Ал біздерге Нұрсұлтан Әбішұлы еліміз үшін айтулы тұлға болуынан бөлек, сыныптасымыз ретінде де таныс.

Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында мектеп бітіргенімізге арналған бас қосуда сыныптас досымыз Нұрсұлтанмен және басқа да парталастармен жолықтық. Сан жылдық сағынысулар, бала күнгі тәтті сәттерді бір еске түсіріп, шат-шадыман күйде тарқасқан едік. Одан кейін 1996 жылы Жамбыл атамыздың 150 жылдығында көрістік. Жиі болмаса да бірге түлеп ұшқан түлектермен осылай кездесіп тұруға тырысып жүрміз. Дәстүрлі түрде жыл сайын наурыз айында жолығуға уағдаласқанбыз. Бұл жағын топ басы ретінде Нұрсұлтан маған тапсыр-
ған еді.

Нұрсұлтан мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің алғырлығымен, зеректігімен, терең ойлылығымен дараланды. Бала болып бұзықтық та жасағанын білмеппіз, күші басым болса да өктемдік те танытпады ешкімге.

Қайсар деген алып, палуан құрдасымыз қол күрестен қарсыласын шақ келтірмейтін. Тек Нұрсұлтаннан айласын асыра алмай қойды. Ал Нұрсұлтан болса, қанша күші жетіп тұрса да оны жығып тастамай, абыройына нұқсан келтірмейін деп тең түсетін. Оның осы іспеттес көптеген кісілік қасиеттеріне қанықпыз.

Сыныптастарыма: «Біз Нұрсұлтанмен мақтанайық, оның атын жамылып жөнсіз іс-әрекеттерге бармайық», – деп әрқашан айтып отырамын. «Елбасы сыныптастары» деген кітаптың басы-қасында болмадым, тек баспадан шыққанда ғана қолыма тиді. Жауапкершілігі үлкен бұл істі атқарған Роза Мәтеқызының жұмысына тағар мінім жоқ. Ол қашанда еңбекқорлығымен ерекшеленіп жүретін. Қазір де бір жанұяның түтеткен отын өшірмей, сыйлы әжесі болып отыр. Өзі сенбеген іске араласпайтын, әр нәрсеге байыппен ғана баратын сыныптасымның тұлғасы бүгінгі жастарға үлкен үлгі-өнеге.

Өткен жылы Роза біздерді Түркістан облысына қонаққа шақырып, сый-құрметін көрсетті, ақ пейілін тағы да танытты. Розамен бірге Елбасы сыныптастары мен курстастарына ілтипат жасап, қолдау білдірген Түркістан облысы әкіміне, Шымкент қаласының сол кездегі әкімі Ғабидолла ініме рақмет айтамыз. Естен кетпес сый жасады. Өз атымнан және сыныптастар атынан Розаға зор денсаулық тілейміз. Елдің қамын ойлаған ел анасы осы Розадай болсын деймін.

Едіге ЖҮНІСБЕКОВ,

Елбасы сыныптасы және сыныптың старостасы, Алматы облысы, Қарасай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы.