ЕЛБАСЫ — ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ЕҢ ТАНЫМАЛ ТҰЛҒАСЫ

Елбасы ел тізгінін ұстаған 1991 жылдың 1 желтоқсанынан бергі уақытта экономикаға төтеннен, сырттан киліккен бүкілдүниежүзілік дағдарыстың да алдын алу, бетін қайтару амалдарын іздестіріп, тосқауыл қоюдың жолдары қарастырылды. Елді тоқсаныншы жылдардың аяғындағы дағдарыстан аман алып қалды. Елбасымыздың дағдарыстан шығару әдістеріне, мемлекет құрудағы тәжірибесіне бүгіндері көптеген іргелі елдердің ерекше ден қойып отырғаны да сондықтан.

Тұғырлы мемлекеттің бас қаласы Еуразия жүрегінде орналасты. Елордамыз бүгінде халықаралық қатынастардың да астанасына айналды. Байтақ Қазақстанды орманға, жасыл елге айналдырамын деген Елбасының «Жасыл ел» жобасы «Мәңгілік Ел орнатамыз» деген байырғы Түркі қағанаты заманындағы бабаларымыздың асыл мұратын еске салады. «Біз болашақ ұрпаққа дамыған, келешегі кемел Қазақстанды табыс етуіміз керек», – деген Елбасын көп ретте Абылай ханмен байланыстырып та жатамыз. Сөз жоқ, Алаштың айбыны болған Абылай хан халық жадында, ел тарихында мәңгілік қалады. Дана қайраткер, кемел тұлғаның «Үш жүздің басын қоссам, қала салсам, сөйтіп көшіп-қонған жұртымды ел етсем» деген арманы асқақ болатын. Абылайдың да сол арманын жүзеге асырған, аманатқа адалдық танытқан – Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазір егемен еліміз өркендеп, дамыды. Жоспарлар жемісін беріп, нәтижелі орындалды. Ширек ғасыр бұрын бір қырдың астында отырып, келесі қырдың басына барып келгенін жыл бойы әңгіме қылып айтатын қазақ бүгінде таңертең үйінде шай ішіп, ал түсте бас қалада болып, кешке шалғайдағы шаңырағына қайта оралып жатса, бұған ешкім таң қалмайтын болды. Заманауи көліктер де, ұшақтар да, пойыздар да халыққа қызмет етуде. Ел тыныш, қоғамдық қауіпсіздік толықтай қамтамасыз етілген. Еліміздің талантты да алғыр жастарына «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білімін жетілдіруге жол ашылды. Елбасының қадір-қасиетін осы тұрғыдан да бағалауымыз керек.

Жалпы, Нұрсұлтан Әбішұлы – ел тірегі, ұлт мақтанышы. Түркі әлемінің ең танымал тұлғасы да – Елбасы. «Қазақстан», «Астана», «Назарбаев» деген сөздер бір-бірінен бөлінбейтін ұғымға айналды. Сондықтан да Елбасымызбен мақтанғанымыз – елдігімізбен мақтанғанымыз. «Тұңғыш Президент күні» мерекесінің тойлануы – Елбасыға деген ерекше құрметтің белгісі, ел бірлігінің жарқын көрінісі.

АҚЕРКЕ САТТАР.