ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАН ҒЫЛЫМЫ
Кеңес дәуірінде де қазақ ғылымы сала-сала бойынша дамыды. Кедергілер мен қиыншылықтар да болды. Соған қарамастан қазақтың талантты ұл-қыздары Мәскеу асып, Еуропа елдеріне де шығып, қазақ ғылымының дамуына өз үлестерін қосты. Алайда еліміз тәуелсіздік алған соң ғылымға жаңаша көзқарас қажет болды. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы дәл бағамдай білді.
1991 жыл еліміздің ұлттық жетістігі есебіндегі отандық ғылым дамуының жаңа кезеңі басталғандығымен ерекшеленді. Қазақстанның құқықтық меншігіне 100-ден астам жалпы одақтық мемлекеттік ғылыми-техникалық мекеме өткендіктен ғылымды мемлекеттік қолдаудың маңыздылығы күрт өсті. Жаңа жағдайларға байланысты қысқа мерзім ішінде мемлекеттік ғылыми-техникалық саясатты айқындау қажеттілігі туындады, елдің ғылыми-техникалық күш-қуатын сақтап қалу мен одан әрі дамыту үшін ғылыми-техникалық саланы мемлекеттік басқарудың тиімді құрылымын қалыптастыру мәселесі туындады. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің 1992 жылғы 15 қаңтардағы қаулысымен «Қазақстан Республикасының ғылым және ғылыми-техника саясаты туралы» заң қабылданды. Осы жылы Елбасының «Экономикалық реформалар жағдайында Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару органдарының іс-қимылдары мен ұйымдастыруын жетілдіру» туралы Жарлығымен Қазақстан Республикасының Ғылым және жаңа технология министрлігі құрылды.
Министрлікке мынадай міндеттер жүктелді: республиканың ғылыми-техника саласының дамуы жолында мемлекеттік саясат жүргізу; ғылыми және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлау жұмыстарын үйлестіру; ғылыми-технологиялық салада халықаралық ынтымақтастықты ұйымдастыру.
Тәуелсіз Қазақстан ырғақты да тұрақты даму үстіндегі ел. Ал ғылым саласындағы өзгерістер – мемлекеттік саясат пен басқару, адам капиталы, қаржыландыру мен заңнамалық бекемдеу, материалдық-техникалық жабдықтау – эволюциялық сипаттан гөрі революциялық сілкіністерге көп ұқсас. Бұл орайда зерттеушілердің қиялы мен қаламына қанат бітірген бірнеше ішкі және сыртқы факторды баса көрсеткен ләзім.
Кеңес Одағының ыдырауымен шекарадағы темір тор ысырылып, Қазақстан – әлемнің, әлем – Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетімен кешенді танысу мүмкіндігі ашылды. Бұл орайда Қазақстанның БҰҰ-ға мүшелікке қабылданғанының мәні ерекше. Шешім 1992 жылғы 2 наурызда қабылданды. Іле, яғни 1993 жылдың мамырында еліміз БҰҰ-ның Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ЮНЕСКО құрамына 164-ші мемлекет болып кірді.
Маңызды сыртқы фактор қатарына тарихшы ғалымдарымыздың Еуропа мен Америкадағы, Азия мен Африкадағы маңызды жиындарға қатыса бастауын айтсақ болады. Шетелдік әріптестер де Қазақстанға көптеп келетін күн туды. Кітаптармен, идеялармен, жұмыс тәжірибелерімен алмасу, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру – бәрі отандық тарих ғылымын кешенді байытқаны күмәнсіз.
Міне, осылайша елімізде ғылымды дамыту жүйелі жүргізіле бастады. Елбасымыз шетелдерде жүрген көптеген ғалымдарды елге қызмет етуге шақырды. Солардың бірі елімізден шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров. Ресейде қызмет етіп жүрген жерінен елге шақырып ғарышқа ұшуына мүмкіндік жасаған Нұрсұлтан Әбішұлы екенін ел біледі. Бұл оқиға бүгінде тарихтан лайықты орнын алған. Ал осы сапарында Тоқтар Әубәкіров қазақ ғылымын ғарышпен байланыстырды.
Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі Тілектес Есполовтың «Назарбаев феномені» және жастар» атты мақаласында «Қазақстан – тарихи қысқа мерзім ішінде ғасырға татитын жолдан өтті, ұлы табыстарға қол жеткізді. Тәуелсіз мемлекет құру – арманнан шындыққа айналды. Елдікті сақтау, азат ел болудың бақытын сезіну және елім деп еміренетін ұрпақ тәрбиелеу баршамыздың борышымыз. Ұлт Көшбасшысы қалыптастырған қазақстандық модель – патриотизм рухының қайнар көзі. Егемен еліміздің іргесі қаланып, өскелең елдердің қатарынан орын алуымыз, ол ең алдымен халықты кемел келешекке бастаған Тұңғыш Президентіміздің даналық саясатының нәтижесі. Елбасының батыл қадамдары ел экономикасының қарыштап дамуына, тәуелсіздігіміздің қауіпсіздігін нығайтуға негіз болды. Еңсесін тіктеген еліміз Елбасымыздың ұйытқы болуымен, бүгінде Рухани жаңғыруға бет бұрып, Ұлы даланың тарихи қырларын танып-білуге ұмтылуда. «Тарихты тұлғалар жасайды» деген қағидаға сүйенсек, мемлекетіміздің жаңа тарихы Елбасы есімімен тығыз байланысты. Уақыт өткен сайын еліміз өркениетті мемлекеттер қатарына кіріп, жаңа даму стратегиясын іске асыруда. Адал еңбек, рухани тәрбие, терең білім, жаңашыл ғылым ең алдымен әрбір азаматты адамгершілікке үйретеді. Бұл ретте Президенттің жасампаздық және жаңашыл тұлғасы әрбір қазақстандыққа үлгі-өнеге. Олай болса, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күнін атап өту, оны халықтық мерекеге айналдыру объективті құбылыс», деп жазды.
Үкіметтің 1993 жылғы 22 қаңтардағы «Қазақстан Республикасында ғылым мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды қаржыландыру және жоспарлауды жетiлдiру шаралары туралы» Қаулысы бойынша ғылыми-техникалық және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар (ҒТТКЖ) мен ғылыми-техникалық бағдарламаларды республикалық бюджеттен қаржыландыру тәртiбi айқындалды. 1993 жылдан бастап мемлекет бюджеттен қаржыландырылатын ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды мемлекет тарапынан ғылыми-техникалық сараптау енгiзiлдi. Республикада өткiзiлетiн ашық тәжiрибелiк-конструкторлық және жобалық-технологиялық жұмыстар мен олар бойынша есеп беру құжаттарын мемлекеттік тiркеудiң бiрыңғай тәртiбi бекiтiлдi. Осылайша, ҒТТКЖ-дi қаржыландыруды бағдарламалық-мақсатты әдiске көшiрудiң нормативтiк-құқықтық негiзi жасалды.
Елде машина жасау, атом өнеркәсiбi мен энергетиканы дамыту жөнiнде мемлекеттік бағдарламалардың жобалары жасалды. Республика тау-кен металлургиясы кешенiн дамытудың тұжырымдамасы бекітілді. Түрлi мақсаттағы жоғары тиiмдi катализаторлар, қоңыр және тас көмiр, тақта тасты сұйылтып қайта өңдеу кезiнде алынатын синтетикалық мұнай мен оны өңдейтiн шағын зауыттар жобалары жасалды. Шағын кәсiпорын мен өндiрiстер ұйымдастырылды. Каспий теңізінiң құқықтық мәртебесi айқындалып, аймақтардың өндiрiстiк күштер құрылымын оңтайландыру мен халықты тiршiлiктiк қамтамасыз ету жүйесi, М.Әуезов шығармаларының 50 томдық академиялық толық жинағын дайындау мақсатында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары атқарылды.
Үкiмет жанынан iргелi және қолданбалы ғылым мен техниканы дамытудың мемлекеттік басымдықтарына және болжам жасауға жауапты консультативтi-кеңес органы болып саналатын Жоғары ғылыми-техникалық комиссия (ЖҒТК) құрылды. Ел Үкiметiнiң 1998 жылғы 14 сәуiрдегi «Академик Қ.И.Сәтбаевты мәңгi есте қалдыру туралы» Қаулысына сәйкес 1999 жылы бiрқатар мерейтойлық шаралар өткiзiлдi. 1999 жылы 15-23 сәуiр аралығында Париждегi ЮНЕСКО бас пәтерiнде аса көрнектi ғалым, академик Қ.И.Сәтбаевтың 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми симпозиум өттi.
2000 жылы Үкiметтiң қаулысымен ғылыми-техникалық саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етуге және ғылыми-техникалық потенциалдың қалыптасуына бағытталған, экономика мен оның қорларының қазiргi заманғы инновациялық талаптарына жауап беретiн Қазақстанның ғылым және ғылыми-техникалық саясатының тұжырымдамасы мақұлданды.
Қазақстан Республикасы Президентi мен Үкiметiнiң қолдауымен, сондай-ақ ЮНЕСКО-ның бiрлесуi арқылы елорда мен Алматы қаласында 2000 жылы 11-14 мамыр аралығында «Үшiншi мыңжылдық ғылымы» атты халықаралық конференция өткiзiлдi. Түркiстан қаласының 1500 жылдығын тойлау шеңберiнде 20-21 қазанда «Қазақстан мен Түркi әлемiнiң рухани тарихындағы Түркiстан және Қожа Ахмет Ясауи» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткiзiлiп, оның жұмысына Қазақстан мен таяу және алыс шетелдерден келген 200-ден астам ғалымдар мен мамандар қатысты.
2001 жылы 2 ақпанда Алматы қаласында бiлiм және ғылым қызметкерлерiнiң съезi өтiп, онда Елбасы Н.Ә.Назарбаев баяндама жасады. Елбасы баяндамасында Қазақстан үшiн елдiң әлеуметік-экономикалық рухани дамуы факторында отандық ғылымды қайта құрудың өмiрлiк маңызы бар екендiгiн мәлімдеді. 2001 жылы 12 шiлдеде қабылданған «Ғылым туралы» заңы ғылымды басқаруды одан әрi жетiлдiрудiң, инновация мен зерттеу процестерiн ұйымдастырудың, кадрлар даярлаудың, отандық ғылымды әлемдiк ғылыми қауымдастыққа интеграциялаудың негiзiн қалаушы құжат болды. Ғылыми-зерттеу институттарының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында, ғылыми зерттеулер үшiн бiрегей құрал-жабдықтар сатып алуға, ғылыми мекемелердi қазiргi заманғы компьютерлiк техникамен жарақтандыруға бағытталған «Ғылыми мекемелерге құрал-жабдықтар сатып алуды республикалық деңгейде қаржыландыру» туралы жаңа бюджеттiк бағдарламаға сәйкес алғаш рет қаржы бөлiндi.
Қазiргi уақытта ғылыммен тығыз байланысты өндiрiстерге арналған конструкторлық-жобалық және техникалық-құжаттық жұмыстар баршылық. Отандық технологияны пайдалану негiзiнде көп өнiм беретiн деңгейге жетуге мүмкiндiгi бар елдегi химия және мұнай-химия өнiдiрiстерi мен мұнай, газ және көмiр өңдеу бойынша бәсекеге қабiлеттi және тиiмдi құрылыстарды кеңейту мен жаңарту көзделуде. Тәуелсiздiк жылдарындағы кезең ғылымды ұйымдастыру мен ғылыми шығармашылық процестi басқарудың жаңа тәсiлдерiн енгiзу, ғалымдар iс-әрекетiне қолайлы жағдай туғызу, ғылыми кадрлардың жаңа буынын даярлау, бiлiм мен ғылымды интеграциялаудың барынша оңтайлы жүйесiн iздестiрумен сипатталады.
2009 жылы Қазақстан Дүниежүзілік экономикалық форумы халықаралық үкіметтік емес ұйымы жүргізген ғаламдық бәсекеге қабілеттілік индексі рейтингінде 67-орынды иеленді.
2010 жылдың 11 наурызынан Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде бірінші болып еуропалық білім беру кеңістігінің толыққанды мүшелігіне енді. Бұл білім жүйесі Болон процесі деп аталады.
2011 жылғы 18 ақпанда «Ғылым туралы» заң қабылданғаннан кейін бұл салада үлкен өзгерістер болды. Аталған заң аясында қазіргі қолданыстағы заң баптарының шамамен 60 пайызы өзгертілді немесе толықтырылды. Білім беру мен ғылым саласы үшін басты мәселенің бірі – қызметкерлер үшін жалақы көлемін арттыру мақсаты қойылды.
Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары. Бүгінде Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 383 ұйым бар. Білім және ғылым министрлігінің жетекшілігімен еліміздегі оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлес қосуда. Елімізде білім беруді және ғылымды дамыту үшін түрлі шаралар кешенді іске асырылуда. Осыған орай қазақстандық білім мен ғылымның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін кеңейту, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ғылымның үлесін арттыру мақсатында Үкімет 2019 жылдың желтоқсанында Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын қабылдады. Аталған бес жылдықта бағдарламаны іске асыру үшін 11,5 млрд теңге қаржы бөлу көзделді.
Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Сол сияқты Елбасының жүргізген сындарлы саясатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде лайықты жалғастырып келеді. Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында: «Той қуалайтын емес, ой қуалайтын кезеңмен бетпе-бет келдік. Бұл дәуір – ақыл-ойдың, ғылым мен білімнің, еңбектің дәуірі» деген болатын. Мемлекет басшысы айтпақшы, біздің заманымыз – ғылым мен білімнің дамуына білек түріп белсене кірісетін кезең.
Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының қорытындылары қойылған мақсаттар мен міндеттердің 93,4%-ға орындалғанын көрсетеді. Ендігі кезекте бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша орындалған міндеттердің пайыздық үлесі жоғары болатындығына сенім мол.
Біз жоғарыда сөз еткен ғылым саласындағы жетістіктер Елбасы жүргізген салиқалы саясаттың жемісі. Олай болса, Нұрсұлтан Әбішұлының еліне сіңірген еңбегінен жас ұрпақ, жас көшбасшылар үлгі алуы тиіс деп есептеймін.
Рахымжан ЕЛЕШОВ,
ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының ғылымына еңбегі сіңген қайраткер