ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ШАНХАЙ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҰЙЫМЫ
Елбасы Н.Назарбаевтың айтуынша, « Қазақстанның ұсынысымен жүзеге асырылған Еуразия идеясының 3 киті – ЕурАзЭҚ, АӨІСШК және ШЫҰ». Бүгінде ШЫҰ Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықтың барынша табысты модельдерінің бірі болып табылады. 1996 жылы Шанхай үдерісі басталғалы бері Қазақстан – ШЫҰ аясында жан-жақты өзара іс-қимылдың белсенді қатысушысы болып келеді. Қазақстан Ұйымның аясында өтетін лаңкестікке қарсы әскери жаттығуларға, ғылыми конференциялар мен форумдарға тұрақты қатысып отырады, ШЫҰ құқықтық базасының нығаюына үлкен үлес қосып келеді. 2006 жылы Қазақстан Бейжіңдегі Хатшылықтың жанындағы және Ташкенттегі Өңірлік лаңкестікке қарсы құрылымның Атқарушы комитетіндегі өзінің тұрақты өкілдігінің аппаратын алғашқы құрғандардың бірі болды.
2006 жылғы маусымның 15-інде Шанхайда өткен саммитте Қазақстан ШЫҰ Азия энергетикалық стратегиясын жасауға бастама көтерді. Бұл ШЫҰ-да сауда-экономикалық салада тәжірибелік ынтымақтастықтың басталуына түрткі болды. Сондай-ақ Елбасы ШЫҰ аясында заңсыз көші-қонмен күрес жөнінде келісім жасасуды ұсынды.
2007 жылдан бастап 2009 жылдың соңына дейін ШЫҰ бас хатшысы болып Болат Нұрғалиев (Қазақстанның өкілі), Аймақтық лаңкестікке қарсы Ташкенттегі құрылымның Атқарушы комитетінің директоры болып Мырзақан Субанов (Қырғызстан өкілі) тағайындалды. ШЫҰ-ның әрбір жұмыс органында Қазақстанның атынан 6 адам қызмет атқаруда.
Ұйымға мүше мемлекеттердің арасында қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында өзара іс-қимылдың зор оң тәжірибесі жиналған, мүше мемлекеттердің арнайы қызметтері мен құқықтық органдары лаңкестік және экстремистік күштермен күресу үшін тиімді байланыстар орнатты.
2006 жылы Қазақстан Қытаймен бірлесіп, шекаралас аудандарда «Тянь-Шань – 2006» лаңкестікке қарсы жаттығуларын, сондай-ақ ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қатысуымен «Шығыс-Лаңкестікке қарсы» жаттығуларын өткізді. 2007 жылы жазда Ресейде «Бейбітшілік миссиясы – 2007» ШЫҰ-ның кең ауқымды әскери жаттығулары өтті.
ШЫҰ жылдан жылға ынтымақтастықтың жаңа салаларын қамтып келеді. 2006 жылы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерінің парламенттері, жоғарғы соттары басшыларының, білім министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Сыртқы экономикалық және сыртқы сауда қызметіне, көлік пен мәдениетке жауап беретін бас прокурорлардың, министрлердің кездесулері тұрақты ұйымдастырылып отырады. Отын-энергетика кешені саласында өзара іс-қимыл нығаюда. 2007 жылы энергетика министрлерінің алғашқы кездесуі өтті. Жоғарыда аталған барлық фактілер Шанхай ынтымақтастық ұйымы көп жақты өңірлік құрылымға бірте-бірте ауысып келе жатқандығын айғақтайды.
2007 жылғы тамыздың 16-сында Бішкекте өткен саммитте мемлекеттер басшылары ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің ұзақ мерзімге тату көршілігі, достығы және ынтымақтастығы жөніндегі шартқа қол қойды.