ЕЛБАСЫ ЖАЗБАЛАРЫ — ТАРИХИ ДЕРЕККӨЗ

Елбасы еңбектерінің тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының дерек көздері ретінде пайда болуының объективтілігі, КОКП-ның 1985 жылғы сәуір Пленумынан кейін басталған КСРО-дағы қоғамдық құбылыстармен тікелей байланысты. “Қайта құру” деген атпен басталған қоғамдық процесс КСРО-ның ыдырап, тәуелсіз республикалардың пайда болуымен аяқталды. Ал, ол, өз кезегінде, басқа да бұрынғы одақтас республикалардғы сияқты, Қазақстанда да жаңа мемлекет құруға алып келді. Осының бәрі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының еңбектерінде бейнеленді. Демек, Нұрсұлтан Назарбаев өзі куә болып, белсене араласқан қоғамдық құбылыстар туралы жазу арқылы, тәуелсіз Қазақстан тарихының өзіндік ерекшеліктері бар маңызды дерек көздерін жасады.

Шексіз билікке ие болған КОКП басшылығын сынаған “Әділеттің ақ жолы…” атты кітабының КСРО өмір сүріп тұрған кезде пайда болуы, ондағы тәуелсіздік қарсаңында қалыптасқан елдегі жағдай туралы мәліметтердің шынайылық деңгейінің жоғары екендігін дәлелдесе, тәуелсіздік жылдары дүниеге келген еңбектерінде өз мемлекетімізді қайта қалыптастыру тарихының бейнеленуі Н. Назарбаев еңбектерін тәуелсіз Қазақстан мемлекеттігі тарихының маңызды жазба дерек көздеріне айналдырып отыр. Сонымен қатар, Н. Назарбаев еңбектерін пайда болған уақытына, мазмұны мен мақсатына, жаныры мен формасына қарай сыныптау, әр еңбектің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, сол ерекшеліктерге сай деректанулық талдау тәсілдерін қолдану қажеттігін көрсетеді.

Елбасы еңбектері тарихи дерек көзі ретінде сақталу формасы жағынан да әр алуан. Олар бұқаралық ақпарат құралдарының негізгі түрін құрайтын – газет не журналдарда, жеке кітаптар мен кітапшаларда және ақпарат көздерінің жаңа түрі — интернетте қазақ, орыс және басқа да көптеген ұлттардың тілінде сақталуда. Және де солардың көбі қазақ немесе орыс тілінде тілінде пайда болған түпнұсқалық еңбектер болып табылады. Бұл деректану ғылымы үшін маңызы аса үлкен фактор.