«ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ» ЭКСПЕДИЦИЯСЫ
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың шығармашылық және саяси жолын кеңінен насихаттау, өмірінен сыр шертетін маңызды орындарды аралау, «Ел Үміті» бастамасы аясындағы жоба қатысушыларымен бас қосу мақсатында ұйымдастырылған «Елбасы жолы» экспедициясы 25-31 қазан аралығында Шамалған ауылына, Қаскелең мен Алматы қаласына, одан әрі Түркістан қаласының көрікті жерлерін аралап болған соң, Теміртау мен Нұр-Сұлтан қаласына қарай бет алады.
Бұл игі шара «Елбасы академиясы» КҚ ұйымдастыруымен қолға алынып отыр. Аталған жобаға Тұңғыш Президенттің «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асып жатқан жобалардың үздік, белсенді қатысушылары арасында жүргізілген іріктеуден өткен жалынды 10 жас қатысуда. Олар іс-шара аясында өңірлердегі «Ел Үміті» бастамасының 45 шақты жоба қатысушысымен бас қосатын болады.
Экспедиция кемел ойлы Елбасының кіндік қаны тамған Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылынан бастау алады. Қатысушылар бала күнінде ұшқыш болуды армандаған Елбасының сұңғыла саясаткерге айналғанынан хабардар болып, балалық шағы өткен мекенді аралайды. Экспедиция мүшелері Үшқоңыр тауының етегіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың «Атамекен» тарихи-мәдени орталығына барады. Онда Елбасының өмірі туралы ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның тарихы мен Нұр-Сұлтан қаласы туралы бай материалдар қамтылған. Елбасының мектеп қабырғасындағы сәттері мен қызметі жөнінде құнды мәліметтер бар.
Жоба қатысушылары Қаскелең қаласындағы 63 жыл бұрын Елбасы қанат қаққан Абай атындағы орта мектеп-гимназиясына барып, «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан Birge Oqý онлайн мектебінің оқушыларымен кездеседі. Birge Oqý онлайн мектебінде «Мың бала» Ұлттық зияткерлік олимпиадасының финалистері мен жеңімпаздары оқып жатыр (жоба «Ел Үміті» бастамасы аясында жүзеге асырылады). Онлайн мектепте балалар сапалы цифрлы білім беру ресурстарына кіріп, Назарбаев зияткерлік мектептерінің, Республикалық физика-математика мектебінің және елордалық лицейлердің 104 жоғары білікті ұстазы, 33 тәлімгер, 10 әдіскерден білім алуда. «Мың бала» және Birge Oqý жобалары ауыл мен қала мектептері арасындағы білім беру айырмашылығын азайтуға ықпал етеді. Қазір онлайн мектепте республиканың 14 облысынан 3 мыңнан астам оқушы, оның ішінде Алматы облысынан 304 оқушы тегін қосымша білім алып жатыр. Ауыл мектебінде оқыған балаларды қолдап, әрі қарай дамыту үшін «Мың бала» олимпиадасы екінші жыл қатарынан өткізілді.
Биыл Алматы облысы бойынша олимпиадаға 5-6-сыныпта оқитын 29 342 оқушы қатысты. Жүлделі орындарға 200 оқушы ие болды. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге 6-сынып оқушыларынан 44 жеңімпаз қабылданды. Атап айтар болсақ, Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі, «Білім-Инновация» лицейі, «Дарын» мамандандырылған мектептері. Жоба қатысушылары әрі қарай Алматы қаласына барып, Республикалық физика-математика мектебінің мән-жайымен танысады. Бұл мектепте «Мың бала» олимпиадасының 35 жеңімпазы білімін жетілдіріп жатыр. Келесі кезекте Нұрсұлтан Назарбаев қорында халықаралық олимпиадада топ жарған «Ел мақтанышы» сыйлығының иегерлері бас қосып, ғылымға енгізген жаңалықтар мен түрлі идеялар төңірегінде пікір алмасады. Әрі қарай экспедиция қатысушылары Түркістан мен Шымкент қалаларына бет алады.
https://egemen.kz/article/294151-elbasy-dgoly-shamalghannan-bastaldy