ЕЛБАСЫ ЖОЛЫ ҰЛТТЫҚ ИЕЯМЕН ҰШТАСТЫ

Елбасы жолы — ел дамуының жылнамасы. ТМД шеңберінде Қазақстан ең жоғарғы әлеуметтік-саяси көрсеткіштер бойынша алға шықты. Тарихта тұңғыш рет шекараны біржола бекіттік. Тәуелсіздікті жаңа алған мемлекеттің алдында сын қатер көп болды. Экономиканың тұралауы, халықтың әл-ауқатының төмендеуі, саяси дағдарыс алғашқы сынақ еді. Көптеген шетелдік талдаушылар, Бжезинскийді қоса есептегенде Қазақстанға күйреуді болжады. Бірақ, Тұңғыш Президент осы болжамдарды теріске шығарды, Қазақстан тұрақты дамудың сара жолына түсті.

Осы жөнінде таяуда өткен «Кемеңгерліктің 30 жылы» атты салтанатты шарада Қырғыз Республикасының белгілі саяси және қоғам қайраткері, жазушы, филология ғылымдарының докторы Осмонакун Ибраимов: «Соңғы 30 жыл Қазақстан үшін өз жолын табудың сындарлы жылдары болды. Бұл жылдар көптеген қиындықтарды еңсеру, жаһандық әлем құрылымындағы лайықты орны үшін күресу жылдары болды. Ол үшін кейбір жағдайларда алға ұмтылып, өзін таныту үшін пәрменді де қатал шешімдер қабылдауға тура келді. Қазақстан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы мәселені шешті, оның басты себебі – Қазақстанның айқын мақсаты, қуатты да қоғамды ұйыстыратын ұлттық идеясының болуы. Осының бәрін жүзеге асыру үшін заманауи геосаясаттың тілін меңгеру, қағаз жүзінде емес нақты дипломатия қажет еді. Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев дәуіріндегі Қазақстан сырттағы біреулер дайындап берген сценарийді жүзеге асырамын деп уақытын зая етпей, нақты іспен айналысу керектігін уақытында түсіне алды» деп атап өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ерен еңбегін әлем біледі, саясаттағы сақа тұлға екендігін мойындайды.