ЕЛБАСЫМЕН ӘРҚАШАНДА БІРГЕМІЗ!
Аса құрметті Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы! Қайбір жылы Сіз біздің елге келгенде «Мақтаарал – оңтүстіктің жүрегі» деп айт-
қан едіңіз. Иә, Сіз олай деп бекер айтпадыңыз. Мұндай ерекше баға шынында да ерекше өңірге ғана беріледі.
Алақандай ғана Мақтааралда (қазір Мақтаарал, Жетісай –екі аудан) 400 мыңға жуық, яғни бүкіл республика халқының екі пайызы тұрады. Әр шаршы шақырымда 150-ге жуық адам деген сөз. Жеріміз түгелдей суармалы, ал суармалы жердің бір соттығы жылына бір адамды асырауға жететін табыс беретінін айтқымыз келіп тұрады. (Әрине, көзін тауып еңбек етілсе).
Еліміз, жеріміз үлкен ел, үлкен жерімізден шалғайлау, нақ мемлекеттік шекарада жатыр. Өңіріміз шеңберінің төрттен үшін бауырлас Өзбекстан республикасы, ал қалған бір бөлігін Сырдария өзенінің суы қоршап тұр. Бұл жағдай кейде елді ойландырып, алаңдатушылық тудыратыны жоқ емес. Алайда қандай да бір жапа шегіп отырмыз деудің ешбір реті де, олай деу ойымызда да жоқ. Өйткені, Сіз, құрметті Нұреке, Президент кезіңізде бұл өңірді ылғи да назарыңызда ұстап, көңіл бөліп, жиі-жиі келіп тұрдыңыз. Аса зәру мәселелерімізді дер кезінде шешіп беріп жүрдіңіз.
Иә, шешімін тапқан орынды да маңызды істер, шаруалар аз болған жоқ. Оның бәрін санамалап жатпай-ақ, солардың айтпаса болмайтын екеуін ғана айтайын. Біріншісі – ол мына Сырдария өзені үстінен салынған ұзындығы 35 шақырым болатын көпір – жол. Бұл біздің өңірді Үлкен елмен – Үлкен жермен қосып тұрған бірден-бір байланыс жібі! Сондықтан да халық оны кезінде «Өмір көпірі» деп атап кетті. Екіншісі – тағы да сол
Сырдария өзенінен сатылап көтеріп, насоспен су тартатын, егістіктерге су жеткізетін ұзындығы 15 шақырым болатын канал еді. Жоғарыда айтқанымдай, өңірдегі барлық жер суарылмалы, сондықтан да сусыз өмір жоқ, су халықтың жаны десе де болады. Ал су бізге көрші мемлекеттерден келеді. «Кісідегінің кілті аспанда» деп бекер айтылмаған ғой. Мұндай жағдайда әлгі каналдың қаншалықты қажет шаруа екенін тіпті айтып жатудың өзі артық. Бұл каналдың соншалық маңыздылығын бағалағандығы болар, еліміз оны «Тәуелсіздік каналы» деп атады.
Бұл екеуі де еліміз енді ғана Тәуелсіздік алған жылдарға, жас мемлекетіміз әлі де қиналып тұрған шаққа тура келді. Бірақ соған қарамастан біздің елге, жерге деген Сіздің, құрметті Елбасы, ерекше қамқорлығыңыз бен батыл шешіміңіздің арқасында өңір үшін аса маңызды шаруалар дер кезінде біржола бітті де қалды. Ол үшін кезінде Сізге халық шынайы да сансыз алғыс – рахметін айтқан болатын. Әрине, ол әлі де айтыла бермек.
Тойым Жүнісов,
Мақтаарал ауданының және бұрынғы Оңтүстік Қазақстан
облысының Құрметті азаматы.