ЕЛБАСЫМЕН ЖҮЗДЕСКЕН СӘТ ЕСІМДЕ

2009 жыл. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ. Бірінші курс. Маңдай бағы бес елі біздің несібеміз мол екен. Дәл университеттің 75 жылдық мерейтойына топ ете қалыппыз.

Қазақтың маңдайы жарқыраған небір қасқалары мен жайсаңдары бітірген «қара шаңырақтың» тойына қызу дайындық жүріп жатты. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы келіп лекция оқиды дейді.

«ХІХ ғасыр әдебиеті» сабағы. Селеу шашты, орта бойлы, көзілдірігі мұрнының ұшына қона қалған ағайымыздың сабағын аса ыждаһаттылықпен тыңдап отырмыз. Бұл кісі тәртіпке өте қатал қарайды. Көңіліне жақпайтын қылық танытсаң журналға төрттік бағаны қонжита салуы оп-оңай. Сондықтан аудитория іші құлаққа ұрған танадай.

Кенет есік тықылдады. Келген мұғалім «Елбасының лекциясына» қатысатын студенттерді тізім бойынша түгелдеп жүр екен. Тізімде екі қыздың ғана аты аталды. Бірі – Ұлпан, екіншісі – өзім екенімді білгенде қатты қуандым. Ары қарайғы сабақ Елбасының жасаған жақсы істерін сөз етумен өрбіді.

Лекция күні жақындағанда қатысатын студенттердің барлығын жинады. Университетте Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайы бар. Республикалық деңгейдегі концерттер ұйымдастырылатын аумағы ат шаптырым ғимарат. Сол залда отыратын орнымыз белгіленді. Және «ҚазҰУ-да білім алып жүрген 20 мың студенттің арасынан іріктеліп алынған бақытты 500 шәкірт» екеніміз еске салынды.

Қош. Көптен күткен күн. Сондағы маңдайы жарқыраған Елбасымыздың бейнесі әлі күнге көз алдымда. Дағдарыс жағдайындағы Қазақстан, ел дамуындағы жастардың рөлі туралы екі сағатқа жуық дәріс оқыды. Сол кез әлем елдері дағдарыспен күресіп, нарық бүйірден қысқан кезең екен. Бірақ, ауылдағы ата-анадан келетін сәлем-сауқат, ай сайынғы шәкіртақыны уақытында алып тұрған біздер оның салқынын сезінбеппіз. Қазақстандағы жастарға жасалып отырған игі бастамалар туралы да тілге тиек етілді. Арасында әзілдеп, сілтідей тынған залды бір серпілтіп алған еді.

Бұл да бір жарқын сәттер екен. Қанша уақыт өтсе де ұмытылмай, ең бір аяулы естелігім ретінде сәуле шашып тұрады.

Елбасының халық үшін сіңірген еңбегі өлшеусіз. Тоқыраудан тұралап қалған елдің еңсесін тіктеу үшін қандай қадамдар керек екенін көргенеділікпен дөп басты. Тығырықтан жол табатын көсемдігі, қиыннан қиыстырар шешендігі көрінді. Алпауыт елдердің патшаларымен кездескенде кішіреймей, басын имей, тең отырып сөйлескенде «әп, бәрекелді» деп талай рет марқайдық. Қазақ тілін БҰҰ-ның төрінен саңқылдата сөйлегенде бөркімізді аспанға аттық. Тұзы қалып, суы бу боп көкке ұшқан Аралдың тағдырына әлемнің назарын бұрып, әупірімдеп аман алып қалғанының өзі бір тарих. Елімізді жаппай қырып-жою қаруынан бас тартқан бейбітшіліктің бесігі еткені үшін де мың алғыс айтсақ аздық етер.

Нұрила ШЫНӘДІЛОВА