ЕЛБАСЫНА АРНАЛҒАН КІТАП ЖАРЫҚ КӨРДІ

Шымкент қаласындағы «Жебе» Баспа үйінде «Кемеңгер, Дана Көшбасшы» кітабы басылып, көпшілікке жол тартты. Кітап Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 80 жылдық мерейтойына арналады. «1 желтоқсан – Тұңғыш Президент күніне» орай алғаш рет ұйымдастырылған республикалық «KitapFest» фестивалінде жинақтың ресми таныстырылымы өтті. Бұл туындыда Елбасының ұстанған жолы, ұсынған саяси бағдары, мемлекеттік қайраткерлігі, жасампаздық және жаңашыл тұлғасы жан-жақты сипатталған. Сонымен қатар балалық және жастық шағы туралы сыныптас достарының  естеліктері, сондай-ақ, Түркістан облысы мен Шымкент қаласындағы және бірқатар басқа облыстардағы қоғам қайраткерлері мен облыс әкімдерінің пікірлері берілген. Кітап жалпы оқырмандарға арналады.

 

Елбасы сыныптастарының мектептегі, кейінгі әрбір кездесулердегі құнды суреттерінің өзі тарихымыздың бір белесі болып табылатынын сөзсіз. Жинақта Нұрсұлтан Әбішұлының саяси тұлғасынан бөлек, көп жерде айтыла бермейтін адами құндылықтары, дара болмысы мен өткен күндердегі оқиғалары жан-жақты көркем тілмен тарқатылған. Еш жерде кездеспейтін фотолар мен жылы естеліктер оқырманын өзіне еріксіз тартады. Айта кету керек, бұл тың дүниенің жарыққа шығуына бастамашы болған президенттің бала күнгі досы,  сыныптасы Роза Төлемісова. «Елбасы сол кезден-ақ өзге-тін. Арамыздағы аққұба өңді, маңдайы ашық, ұзын бойлы жігіт барлық сабақтан үздік оқыды. Біздерге, яғни достарына үнемі қол ұшын беріп, жанашырлық танытатын. Бәрімізді игі істерге ұйымдастырып жүретін көшбасшылығы о бастан байқалатын» дейді Роза Мәтеқызы.

Жалпы Елбасы туралы жинақтар бұған дейін «Жебе» баспа үйінен бірнеше рет басылып шыққан. Баспа директоры Жарқынбек Қастайұлының айтуынша бұл кітап та солардың жалғасы әрі бірегейі. Стильдік-көркемдік, мазмұны жағынан шығармашылық топ барынша жаңашылдыққа ұмтылып,кәсібиліктерін көрсеткен.

«Қазақстанда ғана емес, әлемдік саяси аренада орны бар біртуар тұлғаға арналған кітап үлкен жауапкершілік жүктеді. Республика бойынша оның үзеңгілес достарынан, мемлекеттік қызметкерлер, әкімдерден естелік жинақтау біршама күш-жігерді талап етті. Дегенмен тұсаукесер жиынында көпшіліктің оң бағасын алып бүкіл уайымымыз ұмтылғандай. Баспа үйінен мұндай тағылымды дүниелер әлі де көп шығатынына сенемін» дейді шығармашылық редактор Дана Құдайбергенқызы.

Аталмыш кітап еліміздегі барлық кітапханалар мен мемлекеттік маңызы бар мекемелерге таратылады.

 Аяулым ТАСТАНБЕК.