ЕЛБАСЫНЫҢ ЕЛДІК СӨЗДЕРІ

«Арманда кеткен арыстардың асыл мұратына біз мыңжылдықтар тоғысында қол жеткіздік. Айымыз оңынан туып, Тәңір тілекті берді.

Төрт құбыламыз теңеліп, төбедегі келді. Алаштың айбыны асып, күн сөнгенше азат болды. Қырандай қомданып, тұғырына қайта қонды! Тәуелсіздік тәуменді жұртқа тәуекел берді. Азат еліміз атағы алты құрлыққа жайылған абат елге айналып, жаһандық қауіпсіздіктің алтын белдеуіне баланды.

Біз осылайша тарихта есесі кеткен еңсегей елдің еңсесін тіктедік. Сөйтіп қазақ деген халықтың абыройын асырып, атын әлемге таныттық».

***

«Алға тартқан озады, кейін кеткен тозады. Біз жылдан-жылға жаңарып, жаңғырып келеміз. Қазақ: «Елу жылда – ел жаңа» дейді. Біз жиырма жылдан асар уақытта жүз жылға бергісіз жолды артта қалдырдық».

***

«Азаттық алумен іс бітпейді. Тәуелсіздікті сақтап қалу үшін заманға сай амалың болуы керек екен».

***

«Біз тәуелсіздігінен айырылып қалған елдердің тағдырынан тиісті қорытынды шығарып, тағылымы мол сабақ алдық».

«Тәуелсіздікпен бірге біз елдік дәстүр мен мемлекеттік мәдениетті жаңғырттық. Осылайша төрткүл дүниені ат тұяғымен дүбірлеткен даңқты бабалардың «Мәңгілік ел» мұратын қайта жалғадық. Тегеуріні берік, тепкісі қатты заманда тең жарымынан айырылған халқымыз ана тілінен, қасиетті дінінен көз жазып қала жаздады. Дегенмен соның бәрі халқымыздың рухын жасыта алған жоқ, азаттыққа деген аңсарын жеңе алмады».

***

«Болмысы бөлек қазақстандық үлгіні қалыптастыру үшін біз өз жолымызбен жүрдік. Түрлі «кеңесшілердің» айтқанын емес, халқымызға қанық, бағыты анық даңғыл жолды таңдадық. Болашақта да солай болуы тиіс».

***

«Біздің баға жетпес байлығымыз – бабалардан өсиет боп қалған, халқымызға қасиет боп қонған береке-бірлігіміз. Құнды қазынамыз – тарих табыстырып, тағдыр тоғыстырған халқымыз».

***

«Менің арманым – Қазақстаның «Мәңгілік ел» болуы. Заман өтеді, адамдар өтеді. Бірақ тәуелсіздік қалады».

***

«Отанды қорғау дегенде алдымен әкеңді, балаңды, анаңды қорғау. Соларды қорғау – Отанды қорғау»

***

«Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығым әйелдер қауымынсыз көзге елестету мүмкін емес».

***

«Талант – Жаратқанның сыйы ғана емес, сонымен бірге ол – өзіңнің алдындағы, қоғам мен Отан алдындағы жоғары жауапкершілікте».

***

«Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты. Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдение-
тімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады. Сөйтіп, тек өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқаға танылады».

***

«Қазақтар талай рет тұтасымен қырылып кетуге шақ қалды. Бірақ өмірге құштарлық, азаттық аңсары еңсесі түскен елді
қайыра түлетіп, қайтадан тәуекел тұғырына қондырып отырды».

***

«Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз керек. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы».

***

«Тәуелсіздіктің біздің бәрімізге артар міндеті мол. Енді еңселі ел болудың жолына шыңдап түсуіміз керек. Әлеуетіміздің асуы да, дәулетіміздің тасуы да өз қолымызда. Кең-байтақ жеріміздің байлығы осы даланың түпкілікті халқына да, тағдыр қосып бірге өмір сүріп жатқан басқа ұлт өкілдеріне де молынан жетеді. Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, ұшпа сезімге ерік бермейік дегім келеді. Әсіресе жастар салқынқандылықтан, үлкенді сыйлаудан, сөзге тоқтаудан айнымаса, қашан да дос-
тыққа адал болса, бауырмал, кеңпейіл болса, халықтың атына сөз келтіретін ұстамсыздық атаулыдан аулақ жүрсе деп тілейік».

***

«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой азаттығымыздың алдаспаны».

***

«ХХІ ғасырда қазақстандықтар ұзақ жасаушылар ұлты болуы тиіс».

***

«Қазақстандықтар – елдің өркендеуі әр азаматтың еңбегіне, оның біліміне, жауапкершілігіне байланысты болып табылатын біртұтас және бөлінбейтін отбасы».

***

«Ал біздің Қазақстанда әркімнің тұрақты өмір сүріп және отбасын асырап қана қоймай, балаларына білім беріп және болашақты жоспарлау мүмкіндігі бар».

***

«Мемлекет халықтың әл-ауқатының деңгейін арттыру үшін қаншалықты күш-жігер жұмсаса да, егер әрбір қазақстандық өз тағдырының еңбексүйгіш қожайынына айналмаса, елдегі бар жақсылардың бәрін қадірлеп, оларды одан әрі еселемесе, ол артпайды».

***

«Бүгінде әр қазақстандық өзді-өзінен елімізге жақсы болып, біздің Отанымыздың дәулеті артуы үшін мен не істедім деп сұрауы керек. Егер әр азамат осылай пайымдайтын болса, бүкіл еліміз өзінің дамуына қарқын қосарына менің сенімім мол».

***

«Беталысы күнде өзгерген алмағайып дүниеде адамзат үшін ешқашан өзгермеген, өзгермейтін темірқазықтар бар. Ол – білім. Ол – еңбек. Ел болашағының баянды болмағы баста бұлықсыған білім мен қолда ойнаған еңбекке байланысты».

***

«Қазақстан халқы татулыққа ұйыған, жастары жасампаздыққа ұмтылған елге айналды. Бір буын ауыспай-ақ мүлдем басқа сипаттағы жаңа ұлт, жаңа ел болдық.  Күллі әлем таныған, құрметтеп төріне оздырған беделді мемлекетпіз. Мұның бәрі бір күнде, бір сәтте бола салған жоқ».

***

«Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!

Көптеген елдерді араладым. Табиғаты ғажайып талай өлкенің сұлулығына көз құмарымды суардым. Бірақ бәрі де өзім туып-өскен қазағымның жеріне, Алатаудың бір бөктеріне жамбастай жығылған үш қоңыр төбеге жетпеді. Балалығымның, сағынышымның алтын қазығы сонда екен…»