ЕЛБАСЫНЫҢ ЕРЕКШЕ ҚАДАМЫ — ЯДРОЛЫҚ ҚАРУДАН БАС ТАРТУЫ
Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз етудегі Елбасының ерекше қадамдарының бірі – ядролық қарудан бас тартуы. Рас, Президенттің бұл шешімін алғашында сын садағына алғандар да, қателікке санағандар да көп болды. «Қазақстан ядролық арсеналын пайдаланып, көршілес елдерге шарт-талаптар қою арқылы, мемлекет үшін тиімді несиелер мен көмек түріндегі экономикалық префенциялар алар еді» дегенді алға тартқан олар алдағы ахуалға басқа қырынан қарай алмады. «Біз жаһандық дүниеде өмір сүрудеміз, мұнда барлық үдерістер өзара байланысты, мұнда ортақ қауіпсіздік пен тұрақтылық ядролық қарудың болуымен емес, әрбір елдің, әрбір халықтың жауапкершілік өлшемімен қамтамасыз етіледі» деген Президент мәселенің мәнісіне терең бойлап, әріге қарай алды. Осылайша, ядролық арсеналдан бас тарту мемлекетті оны күтіп ұстауға кететін қыруар шығыннан босатты, жаңа мемлекет пен жаңа экономиканы тыныш жағдайда құруға мүмкіндік берді, саяси тәуекелдерден сақтандырды, әлемге ізгіліктің үлгісін көрсетті, сынақтан зардап шеккен ата-бабаларымыз арманы орындалып, болашақ ұрпақты уланудан сақтандырды. Бүгінде мұхит артындағы Американың өзі ядролық арсеналын азайтып жатыр.
Қазақстан Республикасы 2008 жылы Қазақстанда Жаһандық бастаманың шеңберінде келесі іс-шаралар өткізілді:
— 6 маусымда Алматыда Ұлттық ядролық орталықтың Ядролық физика институтында «Атом-Антитеррор -2008» атты терроризмге қарсы халықаралық оқулары өткізілді.
— 11 қыркүйекте Өскемен қ. Ульба металлургиялық зауытында «Жобалық қауіп» атты екі күндік семинар өтті.
2009 жылдың наурыз айында «Орталық Азия аймағының ядролық қарудан азат аймақ» атты келісім өз күшіне енді. Бұл келісім – 2006 жылы Семейде Орталық Азияның 5 мемлекеті бірлесе қол қойған болатын. Бұл келісім Орталық Азияның 5 мемлекетін толығымен қамтыған, қауіпсіздік саласындағы көп жақты алғашқы келісім болды. Аймақтық және әлемдік қауіпсіздікті сақтауда біздің Президентіміздің қосқан үлесі көп болды. Яғни, ядролық қаруға тыйым салу, атомды бейбіт түрде қолдану және халықаралық ядролық лаңкестікке жол бермеу.
2010 жылы қыркүйекте біздің ұсынысымызбен Астанада лаңкестікті қаржыландырудың жолын кесу және ядролық лаңкестікке қарсы күрес жөніндегі Жаһандық бастама конференциясы және Іске асыру мен бағалау жөніндегі топтың инагурациялық отырысы өтті. Сол жылдың қарашасында Ақтау қаласында БН-350 реакторынан алынған (700-ден аса ядролық бомба жасауға жететін), пайдаланылған ядролық отынды қауіпсіз жерге орналастыруға жеткізуде көлемі жөнінен теңдессіз жоба аяқталды. Тасымалдау жұмысы мүлтіксіз жүзеге асырылды. Осы жылдың қаңтарында Қазақстанда АҚШ-пен бірлесіп ядролық материалдарды тасымалдау кезіндегі радиологиялық оқиғаға дайын болу жөнінде оқу өткізілді. Бұған қоса, бұрыңғы Семей ядролық полигонында америкалық және ресейлік тараптармен ынтымақтасқан күрделі жұмыс аяқталып, нәтижесінде, ядролық сынақ өткізгеннен кейінгі таулы аймақта қалған жүздеген кило ядролық материалды консервациялау (сақтау) мен перманентті (үздіксіз) қауіпсіздік қамтамасыз етілді.
2010 жылы Ядролық қаруды таратпау жөніндегі шартқа қатысушы мемлекеттердің Шолу конференциясында бірауыздан «Қорытынды құжатты», соның ішінде оның «ядролық қарусыздану, таратпау және атом энергиясын бейбіт мақсатта қолдану бойынша Іс-әрекеттер жоспарын» қабылдауды қуаттай отырып, ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу мақсатын алға тартудың тиімді және пайдалы тәсілі ретінде қарусыздану мен таратпау саласындағы білімнің маңыздылығын мойындады.
Ядролық қарусыз әлем жөніндегі декларация 2011 жылы 12 қазанда ҚР-ның Елордасы — Астана қаласында қабылданды.