ЕЛБАСЫНЫҢ ПАРАСАТТЫ ШЕШІМІ

Биыл еліміз өз тәуелсіздігін алғанына 30 жыл толады. Ержетіп, ақыл-ойы толысып, ес тоқтатқан ересек мемлекетке айналдық. Қаншама жылдар бойы өз билігіміз өз қолымызда болмай, өзгелерге телміре қарап,  егемендік алғаннан кейін бірден аяққа тұрып кету оңай болған жоқ. Ұлтты ұйыстырып, ұйымдастыра білетін басшының орны осы кезде білінді.

Бүгінде әлем мойындаған тәуелсіз еліміздің уығын қадап, шаңырағын көтеріп, іргесін бекіткен Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың халық алдында, мемлекет алдында еңбегі орасан зор.

1991 жылы ҚР президентінің жарлығымен Семей полигоны жабылып, Қазақстан ядролық қарудан бас тартқан алғашқы мемлекет болды.

30 жыл бұрын Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Семей ядролық сынақ полигоны жабылған болатын. Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап Қазақстан ядролық қауіпсіздік саласындағы бастамаларға белсенді түрде қатысып, қарусыздану және ядролық қаруды таратпау саласында жүйелі әрі жауапты саясат жүргізіп келеді. Бұрынғы Кеңес Одағының құрамында болған уақытқа қарамастан, 1991 жылғы 29 тамызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі ең ірі Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойды. Бұл — шын мәнінде, қазақстандықтар арасында ғана емес, бүкіл әлемдік қоғамдастық тарапынан кең қолдау тапқан тарихи шешім.