ЕЛБАСЫНЫҢ СҰҢҒЫЛА САЯСАТЫ
Қазақ елінің Тәуелсіздік алып, отау көтеріп, Жер шарына танылып жатқанына да 30 жылдың жүзі болды. Осы жылдың ішінде Қазақстан халқын бір атаның баласындай бір шаңырақ астында бауырластырып, олардың әрқайсысына туған тілін, дінін, мәдениетінің гүлденуі мен ұлт ретінде ұйыса дамуына еркіндік беріп отырған, соларды қанаттандырып отырған Елбасының еңбегі ерен. Расында да халықтар ынтымақтастығы тұрғысынан алғанда Елбасының еңбегі — зор мәні бар тарихи еңбек.
Елбасы тек қана Қазақстан халқының ынтымақтастығын жарастырып отырған жоқ, Назарбаевтың бүкіләлемдік тыныштыққа, дүниедегі халықтар мен мемлекеттер арасындағы келісімге, дүниежүзілік мәдениетті, бейбітшілікті арттыруға қосып отырған үлесі одан да зор. Тіпті бұрын-соңды бұндай деңгейдегі саясатты ұстанып, сол ұлтаралық бірлік саясатының арқасында осыншама ұлттар ғана емес мемлекеттердің қолдауына ие болған тұлға шығыс елдерінде болған емес. Сөйтіп, біздің Президент жаңа заманның тарихын жасады, жаңа мемлекеттің келбетін қалыптастырды, елдің болашағын айқындап, экономиканың өрлеуіне ерекше серпіліс берді.
Бір шаңырақ астында шоғырланған қазақстандықтардың рухани толысуына да зор мән беріп жатыр. Соның арқасында көптеген жұртшылық Елбасының сұңғыла, жан-жақты, кеңінен қарастырған саясатының жемісі мыңдаған ұрпаққа кететініне сеніммен қарайды. Өйткені, әлемде тыныштық пен бейбітшіліктің қадірі күннен-күнге артып отыр. Дүниенің бір жерінде ғана емес, әрбір түкпірде де солай. Мәселен, алпауыт мемлекеттерден келетін сан түрлі саясаттар ағыны, нешеме түрлі ағымдар «жердің астымен де, үстімен де» өтіп жатыр. Осының барлығын ойлай, теңшей отырып, Президент Н. Назарбаев өз данышпандығы мен кемелдігін танытты, кемеңгерлік қадам жасап Қазақстан халқы мінген кемені тасқа да соқпай, толқынға да ұрындырмай тура жолмен алып келе жатыр деп ойлаймын. Расында, қазақтың әлемге танылуына жағдай жасаған бұндай тұлға бұрын-соңды болған емес.
Кезінде Мұхтар Әуезов Үндістанға сапармен барғанда қазақ деген халықты сол жұрт білмеген ғой. Ары айтып, бері айтып, кейіннен «Жамбыл деген ақынымыз бар» десе таныған секілді сыңай танытып, бас изепті. Ал мына заманда халқымызды әлем жұртшылығы таниды. Еліміздің ішкі бірлігіне мақтанышпен қарайды сырттағы жұрт. Бір сөзбен айтқанда, Елбасының ер тұлғасы арқылы бүкіл Қазақстан тарихы, өткені мен бүгінгі келбеті бүгінгі әдебиеті мен мәдениеті әлемге танылып жатыр. Бұдан бөлек, адамзат баласы үшін өмірде ең қымбат нәрсе бар, ол — тыныштық. Әлемдік деңгейде алып қарасақ, адамзат баласы басынан не өткермеді?! Сұрапыл соғыстарды көрдік. Екі алып жүйе қару жарыстырып кеткен заман болды. Ол кезде әлем үрей құшағында қалған еді. Сөйтіп, бүкіл әлемнің, тіпті жершарының тағдыры қыл үстінде тұрды. Әйтсе де, адамзат өркениеті өскенімен оның бәрі келмеске кетті деп тағы айта алмайсыз. Сондай солқылдақтықтың алдын алу үшін әлем басшылары Елбасының зор саясатынан үлгі алса игі.